ФИФА әлем чемпионатына қатысты жаңа ережелерін бекітті

ФИФА әлем чемпионатына қатысты жаңа ережелерін бекітті
Фото: vesti.kz

Халықаралық футбол қауымдастықтары одағы (ФИФА) әлем чемпионатына қатысты жаңа ережелері мен талаптарын бекітті. Бұл ережелер 2018 жылы Ресейде өтетін додадан бастап күшіне енетін болады.

2018 жылғы әлем чемпионатынан бастап «fair play» ережесі бірдей ұпай жинаған құрамалардың нәтижесіне әсер ететін болады. Ең аз сары және қызыл қағаз алған командалар басымдыққа ие болады. Бұл үздік команданы анықтауда үшінші көрсеткіш болып саналып отыр.

ФИФА-ның УЕФА-дан басты айырмасы құрамалардың ұпайы тең болғанда, доп айырмасын бірінші есепке алады. Ал УЕФА-да керісінше. Егер доп айырмасы бойынша да тең болса, өзара кездесуінің нәтижесі есептелінеді. Ол да тең түсетін болса «fair play» ережесі назарға алынатын болады.

2018 жылдан бастап құрамалар аты-жөні мен нөмірі жазылмаған қақпашы жейделерін алып жүруі тиіс. Бұл қақпашылардың қызыл қағаз алған кезінде немесе ойыншылардың бәрі алмастырылып, қақпашы жарақат алған сәтте ойындағы футболшының қақпаға тұруы үшін қажет. Мұндай жағдай 2014 жылы Чемпиондар лигасында орын алған еді. «Лудогорец» клубының қақпашысы қосымша уақытта алаңнан қуылып, оның орнын қорғаушы Козмин Моти басқан-ды. Ал қақпашы жейдесі ретінде қосалқы қақпашының есімі жазылған жейдені киген еді. Ойын соңындағы пенальтиде екі соққыны қайтарып, командасын келесі кезеңге алып шыққан-ды.

ФИФА-ның жаңа ережесіне сәйкес, әлем чемпионатының кубогы міндетті түрде тек капитанға табыстау міндетті саналмайды. Сонымен қатар, кубокты тек әлем чемпионатын қабылдаған елдің президенті беруі керек. Осыған дейін әлем чемпионатының кубогын өткізуші елдің президенті мен ФИФА басшысы қатар табыстап келген еді.

Жаңа ереже бойынша, чемпионатты қабылдайтын стадиондар концерттерді тек турнирге екі ай мерзім қалғанға дейін ғана қабылдай алады. Бұл алаң желегінің сапасын сақтап қалу үшін қабылданған талаптардың бірі. Сондай-ақ, доданың басталуына бір ай қалғаннан бастап ойындар өтетін стадиондарда жолдастық кездесулер өткізуге болмайтынын мәлімдеді.

Ө. Сансызбай