Иса Ақбербаев қарсыласын бірінші раундта ұрып құлатты (видео)

Иса Ақбербаев қарсыласын бірінші раундта ұрып құлатты (видео)
Фото: vk.com

Бірінші ауыр салмақта бақ сынайтын қазақстандық кәсіпқой боксшы Иса Ақбербаев Алматыда кезекті жекпе-жегін өткізіп, қарсыласы Майк Курцвейлді (Германия) бірінші раундта ұрып құлатты. Қазақстандық боксшының соққысынан кейін қарсыласы жекпе-жекті жалғастыра алмады.

Шаршы алаңдағы шайқасты қос боксшы бір-бірін аңдаумен бастады. Араға көп уақыт салмай, Исаның сілтеген соққысынан кейін Майк Курцвейл нокдаун алды. Неміс боксшысы кездесуді жалғастыруға қауқарлы болғанмен, екінші соққыдан кейін жекпе-жекті жалғастыра алған жоқ.

Иса Ақбербаев «GBC» (Global Boxing Council) чемпиондық белбеуін қорғап қалды. Сондай-ақ, қазақстандық боксшыда құрлықтық «IBO» нұсқасындағы чемпиондық белбеу де бар. Отандасымыз 18 жекпе-жегінде жеңіске жетіп отыр. Оның барлығында қарсыласынан мықты екенін мойындатқан. 13 кездесуін мерзімінен бұрын аяқтаған.

Айта кетейік, Алматыда өткен бокс кешінде Иса Ақбербаевтан өзге де боксшылар шаршы алаңға көтерілді. Кәсіпқой боксшы қыз Фируза Шарипова Милена Матовичті нокаутпен ұтты. Ернар Ешенов грузин Георгий Чжинзарадзені бірінші раундта-ақ соққының астына алды. Нәтижесінде қарсыласы екінші раундқа шықпады. Ернар орта салмақта «WBC Youth Intercontinental» чемпиондық атағына ие болды.

Али Ахмедов грузин боксшысын 39 секундта нокаутпен ұтып шықты. Айдар Шәрібаев та бірінші раундта жеңіске жетті. Ал Берікбай Нұрымбетов украиналық боксшы Валентин Куцты ұпай айырмасымен жеңді.

Ө. Сансызбай