Головкин-Брук жекпе-жегін қай арнадан көруге болады?

Головкин-Брук жекпе-жегін қай арнадан көруге болады?
Фото: massaget.kz

Қазақстандық жанкүйерлер тағатсыздана күтіп отырған Геннадий Головкин мен Келли Брук арасындағы бокстық кездесуін қыркүйектің 10 күні, сағат 23:00-де «Қазақстан» мен «Kazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Сонымен қатар, kaztrk.kz және kazsport.kz. сайттары арқылы жекпе-жектің онлайн-көрсетілімі жүргізіледі.

Лондонда орналасқан Еуропаның ең үлкен алаңдарының бірі – 20 мың адамдық «О2» спорт кешенінде орта салмақ дәрежесінде WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF нұсқалары бойынша Әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин IBF нұсқасы бойынша жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы британиялық Келл Брукпен жұдырық түйістірмек.

Танымал отандық кәсіпқой боксшымыз Геннадий Головкиннің айқастарын «Қазақстан» мен «Kazsport» телеарналарының тікелей эфирінде көрсету игі дәстүрге айналғанын атап өткіміз келеді. Мәселен, биылғы сәуірде қазақстандық көрермендер Геннадий Головкиннің Доменик Уэйдке қарсы бокстық кездесуін тікелей эфирден көрсе, өткен жылғы Давид Лемьемен қолғап түйістіруін 3,5 миллионнан астам қазақстандық тамашалап, 1 миллионнан астам жанкүйер телеарналардың сайттары арқылы көрген болатын.

34 жастағы Головкин үшін бұл 36-шы сындық белдесу және боксерлік шаршы алаңына 17-ші рет чемпион есебінде шығуы. Одан бұрынғы 35 рет өткізген жекпе-жегінің барлығында ол ұтысқа ие болған (оның ішінде 32-і нокаутпен). Ал, оның қарсыласы 30 жастағы Брук та еш жеңілмеген, 36 жұдырықтасуы таза жеңіспен аяқталған (оның ішінде 25-і нокаутпен).

Геннадий Головкин – Қазақстан мақтанышы, қазіргі заманғы үздік кәсіби боксшыларының бірі. Қазақстан Республикасының құрметті спорт шебері. Ол әуесқой бокста 350 кездесу өткізіп, 345 жекпе-жегінде жеңіске жеткен. 2006 жылдан бері кәсіби бокс құрамында.

Г. Берік