«Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықты (видео)

«Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықты (видео)
Фото: vk.com

«Астана» футбол клубы Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықты. Қос ойын қорытындысы бойынша қазақстандық клуб Беларусь елінің «БАТЭ» клубын жарыс жолынан шығарды. Борисовта өткен қарымта ойында 2:2 есебі тіркелді.

Станимир Стойлов жаттықтыратын қазақстандық клуб бірінші таймда алаң иелеріне басымдықты беріп, қорғаныста ойнады. Көп тұста қорғаушылар қателікке бой алдырып, «БАТЭ» ойыншыларына мүмкіндік берумен болды. Нәтижесінде 27 минутта Михаил Гордейчук ойындағы есепті ашып, алаң иелерін алға шығарды. Ал оған дейін Патрик Твумасидің соққысы «БАТЭ» қақпашысына айтарлықтай қауіп төндірген еді. Бірінші тайм аяқталғанша 1:0 есебі сақталып, елордалық клуб қарсыластарына есе жіберіп шықты. 

«Астана» екінші таймды тың серпіліспен бастады. 49 минутта бұрыштама добынан асырылған допқа Неманья Максимович бірінші жетіп, баспен соққы бағыттады. Соққы сәтті шығып, доп алаң иелерінің қақпасында тулады.

Одан кейінгі аралықта алаң иелері бар қарқынын сала алға ұмтылғанмен, қазақстандық клубтың қорғанысы сыр берген жоқ.76 минутта Патрик Твумаси айып соққысын сәтті орындап, есепте «Астананы» алға шығарды.

Ойын аяқталар тұста «БАТЭ» ойыншыларының жүйкесі сыр беріп, кездесуде қауіпті ойнай бастады. Риос Серікжан Мұжықовқа қарсы дөрекі ойнап, қабағын жарды. Нәтижесінде француз төрешісі Тони Шапран «БАТЭ» ойыншысын алаңнан қуды.  

89 минутта қазақстандық клубтың қорғаушылары айып алаңында ереже бұзып, 11 метрлік айып добы белгіленді. Стасевич пенальтиді сəтті орындап, таразы басын теңестірді. Нәтижесінде қос ойын қорытындысы бойынша «Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Бүгін жеребе тастау рәсімі өтеді.

Айта кетейік, Астанада өткен бірінші ойында елордалық клуб Беларусь ұжымын 2:0 есебімен жеңген болатын. 

Ө. Сансызбай