Астанада шахмат фестивалі өтті

Астанада шахмат фестивалі өтті
Фото: турнирден

Кеше бесінші мәрте өткізіліп отырған халықаралық Astana Open 2016 фестивалі аяқталды. 5 турнирден тұрған ой алаңына балалар мен ересектер қатысқан болатын. 7 мемлекеттен ұзын саны 200 спортшы қатысты. Олардың арасында шахмат гроссмейстерлері, шеберлері, чемпиондары мен Азия біріншілігінің жеңімпаздары бар. 


Балалар арасында қызылордалық Зейнеп Жаппар (5 жас) мен елордалық Алан Болатов (8 жас) озық атанды. Сонымен қатар, 8 жасқа дейінгі балалар арасында астаналық Әлихан Белжанов жеңімпаздар қатарынан табылды. 12 жасқа дейінгі балалардан Мансұр Ескендіров (Астана) жеңіске жетсе, спорт шебері атағына үміткерлер арасынан 18 жастағы көкшетаулық Әділ Ишмұхаметов жеңді. 

Ардагерлер қатарынан 55 жастағы Виктор Журавлев үздік деп танылса, әйелдер арасынан үздік атанған – 12 жастағы Бибісара Асаубаева. 

Astana Open 2016 ашық турнирінің 3-орын иегері ресейлік азамат Алексей Безгодов, 2-орын иегері Беларусьтен келген Алексей Александров, ал 1-орынға ие болған қазақстандық Кирилл Кудеринов.

Халықаралық Astana Open 2016 шахмат фестивалінің жабылу салтанатына Астана қаласы шахмат федерациясының вице-президенті Абылай Тастамбеков, Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов пен қыздар арасында әлем чемпионы, халықаралық гроссмейстер Динара Садуақасова қатысты. 

Балалар турнирінен басқа жарыстар халықаралық есеппен өтті. Шара Астана қаласының Білім беру басқармасы, Астана қалалық шахмат федерациясы және Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен өтті. 

Г. Берік