«Қайрат» «Теутаны» тентірете ұтты (видео)

«Қайрат» «Теутаны» тентірете ұтты (видео)
Фото: vesti.kz

Алматының «Қайрат» футбол клубы Еуропа лигасының екінші кезеңіне өтті. Команда өз алаңындағы қарымта ойында Албанияның «Теута» клубын 5:0 есебімен ойсырата жеңді.

Қазақстандық клуб «Теутаға» қарсы текетіресте айқын фаворит болатын. Кахабер Цхедадзе жаттықтыратын команда мұны бірінші ойында-ақ дәлелдеген-ді. Ол ойында Андрей Аршавиннің соққан голы «Қайратқа» жеңіс сыйлаған еді. Ал бүгін алматылық клубтың ойыншылары қонақтар қақпасына жауапсыз бес гол тоғытты.

Ойындағы есеп 27 минутта ашылды. Жерар Гоу өзіне берген пасты сәтті пайдалана білді. Бірінші тайм аяқталар тұста Михаил Бакаев есепті еселеді. Екінші таймда да «Қайрат» жүрісінен жаңылған жоқ. Жерар Гоу дубль авторы атанса, ойынға жаңадан қосылған Леандре Табамба мен Бауыржан Тұрысбек те гол соғып жергілікті жанкүйерлерді қуантты.

«Қайрат» екінші кезеңде Словенияның «Горица» және Израильдың «Маккаби Тель-Авив» клубтарының жеңімпазымен кездеседі. Бірінші ойында израильдік клуб қарсыластарын 3:0 есебімен ұтқан.

Айта кетейік, осыған дейін Шымкенттік «Ордабасы» екі ойынның қорытындысы бойынша Сербияның «Чукарички» клубына жол берген болатын. 

Ө. Сансызбай