Франция, Германия мен Бельгия – ширек финалда

Франция, Германия мен Бельгия – ширек финалда
Фото: vk.com

Футболдан Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатында Франция, Германия мен Бельгия құрамалары ширек финалға шықты. Осыған дейін бұл кезеңге Португалия, Польша мен Уэльс құрамалары аяқ басқан еді.

Франция құрамасының Ирландияға қарсы ойыны жергілікті жанкүйерлер күтпеген нəтижемен басталды. 2 минутта Поль Погба ойын ережесін бұзып, француздардың қақпасына 11 метрлік айып добы белгіленді. Бұл мүмкіндікті Робби Брэйди мүлт жіберген жоқ. Есепте Ирландия құрамасын алға шығарды.

Франция құрамасының ширек финалға шығуына сеп болған екі гол да екінші таймда соғылды. 58 минутта Антуан Гризманн таразы басын теңестірсе, араға 3 минут сала француздарға жеңіс сыйлаған голды соқты.

Дидье Дешам жаттықтыратын Франция құрамасы ширек финалда Англия-Исландия құрамалары арасындағы ойынның жеңімпазымен кездесетін болады.

Германия құрамасы 1/8 финалда Словакияны жарыс жолынан шығарды. Лилльде өткен ойында немістер қарсыластарының қақпасына жауапсыз үш гол соқты. 8 минутта Джером Боатенг есеп ашса, бірінші тайм аяқталар тұста Марио Гомес нəтижені еселеді. Сондай-ақ 14 минутта Месут Озил пенальти соға алмады. Ал үшінші голды 63 минутта Юлиан Дракслер соқты.

Германия құрамасы ширек финалда Испания-Италия құрамалары арасындағы ойынның жеңімпазымен кездесетін болады.

Айқын фаворит саналған Бельгия құрамасы Венгрияны ірі есеппен ұтты. Ойында Тоби Алдервейрелд жылдам есеп ашты. Мажар елінің футболшылары 78 минутқа дейін ширек финалға шығу мүмкіндіктерін жоғалтпауға тырысты. Алайда 78 минутта алаңға жаңадан кірген Миша Батшуай есепті еселеп кетті. Ойын аяқталғанша Эден Азар мен Яник Феррейра Карраско да гол авторлары атанды.

Ширек финалда Бельгия құрамасы Уэльспен кездеседі.

Ө. Сансызбай