Ильин, Чиншанло, Манеза мен Подобедова да допинг қолданған - IWF

О Сансызбай Корреспондент
Ильин, Чиншанло, Манеза мен Подобедова да допинг қолданған - IWF
Фото ©️ google.kz

Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығы (IWF) Олимпиада ойындарында допинг қолданды деп күдікке алынған спортшылардың қан сынамаларын қайта қарап, қорытындысын шығарды. Бұл туралы ресми сайтында хабарлады.

БӨЛІСУ

IWF таратқан ақпараттағы тізімге 2012 жылы Олимпиада ойындарында еліміздің абыройын асырған ауыр атлеттер Илья Ильин, Зульфия Чиншанло, Мая Манеза мен Светлана Подобедова да енген. Қауымдастық спортшылардың есімдері мен қандай тыйым салынған препарат қолданғанын жариялағанмен, қандай шешім қабылданатыны туралы хабарламаған.

Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) мамыр айында 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында жеңімпаздар тұғырынан көрінген 23 спортшының «А» сынамасы бойынша допинг қолданғанын хабарлаған болатын. Ал ауыр атлетика бойынша 10 спортшының сынамасы оң нәтиже бермегені айтылған-ды. Оның ішінде төртеуі Лондон Олимпиадасында топ жарған спортшылар екені де хабарланған еді. Нәтижесінде жеңімпаз атанған спортшылардың барлығы қазақстандық спортшылар болып отыр.

IWF-ның «қара тізіміндегі» 10 спортшының қатарына Илья Ильин, Зульфия Чиншанло, Мая Манеза мен Светлана Подобедовадан бөлек, ресейлік Апти Аухадов (күміс), әзірбайжандық Боянка Костова (V орын), украиналық Юлья Калина (қола), беларус Дина Сазановец (IV орын), Евгений Жерносек (IX орын) пен Марина Шкерманкова (қола) енген.

Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығы (IWF) жариялаған тізімде Илья Ильин дегидрохлорометилтестостерон мен станозолол, Зульфия Чиншанло оксондролон мен станозолол, Мая Манеза мен Светлана Подобедова да станозолол пайдаланған деп көрсетілген.

IWF ережесіне сәйкес спортшылар нақты шешім шыққанша жарыстарға қатыса алмайды. Спортшылардың тыйым салынған препараттарды қолдануларына байланысты ісі әлі жабылған жоқ.