Премьер-лига. Бүгін XIII тур ойындары өтті

Премьер-лига. Бүгін XIII тур ойындары өтті
Фото: "Қайрат" ФК, vk.com/kazakh_football

Бүгін футболдан ел чемпионатының ХІІІ тур ойындары өтті. Кездесулердің нәтижелерін назарларыңызға ұсынамыз.

Бұл турдағы ең көп гол Алматының Орталық стадионындағы "Қайрат" пен "Ақжайық" ойынында тіркелді. Кездесудің 3-минутында қонақтар тарапынан Руслан Валиуллин есеп ашып, алматылықтардың әбіржуіне себепкер болған. Алайда көп ұзамай, 15-минутта Бауыржан Исламхан пенальтиден есепті теңестіріп кетті. Бұдан кейін алаң иелері допқа иелік еткенімен 31-минутта оралдықтар тағы да алға шықты. Бұл жолы қақпасынан тым ұзап кеткен Андрей Сидельниковтың қателігін Олег Хромцов жақсы пайдаланып, нәтижелі соққы жасады. Кездесудің екінші таймы толығымен "Қайраттың" ықпалында өтті. Талғат Байсуфиновтың шәкірттері аратұра шабуылдағанымен өз жарты алаңдарынан алға көп ұзай алмай, қорғанумен жүрді. Олардың ойлағандары ұзақ уақыт жүзеге сәтті асып, алаң иелерін қақпаларына жолатпады. Тек 89-минутта Жерар Гоу аяғына түскен допты қақпаға дәл бағыттап, есепті теңестіріп кетті. Ал 92-минутта Леандре Тавамба алматылықтарды алға шығарып, ойынға нүкте қойды. Кездесу "Қайраттың" пайдасына 3-2 есебімен аяқталды.

Ал бұл ойынмен қатар өткен "Оқжетпес" пен "Тараз" арасындағы кездесуде гол соғылмай, қос команда 0-0 есебімен тарқасса, қалған төрт ойында 1-0 есебі тіркелді.

Солардың бірінде қостанайлық "Тобыл" командасын өз алаңында қабылдаған "Шахтер" 42-минутта соғылған Мақсат Байжановтың голының арқасында жеңіске жетті. 

Шымкентте турнир кестесінің екінші алтылығында келе жатқан "Жетісу" командасы "Ордабасыны" 0-1 есебімен жеңіп, көпшілікті таңғалдырды. Бұл ойындағы гол авторы Душан Савич 11-минутта есеп ашқан болатын.

Өз алаңында жеңілген тек шымкенттіктер емес. Олардың артынша Атырауда "Ертісті" қабылдаған жергілікті команда да қонақтардан жеңіліс тапты. Ойындағы жалғыз голды 51-минутта Роман Муртазаев соқты.

Қонақтардан жеңіліс тапқан тағы бір команда өз алаңында қазіргі көшбасшыны қабылдаған "Ақтөбе" болды. "Астананың" қарқынын 80 минут бойы төтеп берген олар кездесудің 83-минутында серб футболының жас жұлдызы Неманья Максимовичтен көз жазып қалған еді. Нәтижесінде ойыншы өз командасын алға шығарды. Есеп "Астананың" пайдасына 0-1.

ХІІІ турдан кейінгі турнир кестесі төмендегідей:


Y. Almabek