Грузияда рафтингтен Еуропа чемпионаты басталды

Грузияда рафтингтен Еуропа чемпионаты басталды
Фото: rafting.kz, venividi.ru

Грузияның Боржоми қаласында рафтингтен Еуропа чемпионаты басталды. Екі күнге созылатын жарысқа Қазақстан ұлттық құрамасы да қатысады.

Рафтингтен Еуропа чемпионаты Боржомидегі Мтквари өзенінің таулы аумағында өтеді. Әзірге жарыс үшінші деңгей бойынша өтуде. Ауа райы өзгеріп, жаңбыр жауатын болса төртінші деңгейге дейін көтерілетін болады.

Жарыс ұйымдастырушылары қазақстандықтарды зор құрметпен күтіп алды. Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Алексей Рязанцевтің айтуы бойынша, Қазақстаннан 53 рафтингші барған. 5 ерлер командасы, 2 әйелдер командасы жарыс жолына шығатын болады.

Бүгін іріктеу және параллельді спринт сындары бойынша жарыстар өтеді. Іріктеу кезеңінде қатысушылардың жылдамдығы мен техникасына мән берілсе, параллельді спринтте командалар жылдамдыққа жарысатын болады.

Айта кетейік, рафтинг – экстремалды спорт түрлерінің қатарына жатады. Ағынды тау өзендерімен рафтармен немесе үрлемелі салдармен төмен қарай түсу. Үрлемелі қайықтармен таудан аққан өзендер, таулы шатқалдардан төмен құлдилау үшін де алдын ала дайындық керек. Себебі, рафтинг қауіпті спорт түрлерінің бірі де.

Қазақстанның рафтинг қауымдастығы 2005 жылы мамыр айында құрылған болатын. Сол жылдың шілде айында отандық спортшыларымыз халықаралық рафтинг қауымдастығының құрамына кірді. Бүгінде қауымдастық құрамындағы командалар еліміздің намысын барлық халықаралық сындарда абыроймен қорғап келеді. 

Ө. Сансызбай