Зарина Дияс «Роллан Гарросты» екінші кезеңде аяқтады

Зарина Дияс «Роллан Гарросты» екінші кезеңде аяқтады
Фото: independent.co.uk

Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Франция ашық біріншілігін (Rollan Garros) екінші кезеңде аяқтады. Отандасымыз әлемнің алтыншы ракеткасы саналатын румын Симона Халепті ұта алмады.

Зарина Дияс пен Симона Халеп арасындағы ойын жарыстың бас кортында өтті. 1 сағат 26 минутқа созылған кездесуде 2:0 есебімен румын теннисшісі жеңіске жетті.

Бірінші сетті қазақстандық теннисші сәтті бастағанмен, сәтті аяқтай алмады. Геймдегі есеп бойынша 4:1 есебімен алға озып тұрып, жеңісті уыстан шығарып алды. Сет соңындағы тай-брейкте Симона Халептің жолы болды. Ал екінші сетте Зарина тәжірибелі қарсыласына қарсылық таныта алмады. Сет 6:2 есебімен румындық теннисшінің пайдасына шешілді.

Айта кетейік, Зарина Дияс бірінші кезеңде неміс қызы Карина Виттхефтті ұтқан еді.

Жекелей сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева да екінші кезеңге өткен болатын. Ол үшінші кезеңге өту үшін неміс теннисшісі Андреа Петковичпен (WTA рейтингінде 28-орын) ойнайды. 

Ө. Сансызбай