Жайна Шекербекова – ширек финалда

Жайна Шекербекова – ширек финалда
Фото: vk.com

Қазақстандық боксшы Жайна Шекербекова Астанада өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалына шықты. Отандасымыз екінші айналымда кәріс қызы Хян Ми Риді жеңді.

51 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын отандасымыз жарысты екінші кезеңнен бастады. Аргентиналық Сиара Лескуратты жеңіп, 1/8 финалға шыққан-ды. Бұл кезеңде Хян Ми Риді жеңіп, ширек финалға шықты.

Ширек финалда қазақстандық боксшы неміс қызы Азиза Ниманимен жұдырықтасады. Ол бірінші жекпе-жегінде үндінің танымал боксшысы Мэри Комды, екінші айналымда италиялық Марзия Давидені жеңген болатын. Cондай-ақ бұл салмақта үш дүркін әлем чемпионы Рен Канкан мен 2012 жылғы Олимпиада жеңімпазы ұлыбританиялық Никола Адамс та бар.

Айта кетейік, 51 келіге дейінгі салмақта Олимпиада жолдамасы таратылады. Жарыс 27 мамыр күні мәресіне жетеді.

Ө. Сансызбай