«Атлетико» Чемпиондар лигасының финалына шықты (видео)

«Атлетико» Чемпиондар лигасының финалына шықты (видео)
Фото: vk.com

Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде елордалық «Астанамен» бір топта ойнаған мадридтік «Атлетико» финалға шықты. Диего Симеоне жаттықтыратын клуб жартылай финалда мюнхендік «Баварияны» жарыс жолынан шығарды.

Бірінші таймды «Бавария» ширақ бастады. Мадридтік клубқа қарсы қысымын минут санап арттыра түсті. Сондай-аө, доп ұстау басымдығын да арттыра түскенмен, алғаш болып қақпаға соққыны «Атлетико» ойыншылары бағыттады.

31 минутта мадридтік клуб қақпасына жақын маңнан айып соққысы белгіленді. Хави Алонсоның бағыттаған добы Хименестің аяғына тиіп, қақпа төрінен табылды. Араға 3 минут сала «Атлетико» қақпасына пенальти белгіленді.

11 метрлік айып соққысын Томас Мюллер сәтті орындай алмады. Ян Облак неміс ойыншысының тебетін бағытын дәл тауып, допты қайтара білді. Нәтижесінде «Бавария» өздеріне берілген зор мүмкіндікті пайдалана алмады.

Екінші таймды алаң иелері салқынқанды бастады. Шабуылын бірден үдете қойған жоқ. Осы бір сәтті оңтайлы пайдаланған «Атлетико» ойыншылары таразы басын теңестіріп кетті. Фернандо Торрестің асырған пасын Антуан Гризманн голға айналдыра білді. Бір қарағанда оффсайд секілді көрінген. Бірақ, түрік төрешісі бұл голды есепке алды.

Таразы басын теңестірген «Атлетико» ойыншылары арқаны бір сәт кеңге салғаны сол екен, «Бавария» қонақтар қақпасына екінші голын соқты. Бұл жолы Артуро Видальдың асқан шеберлікпен берген пасын Роберт Левандовский баспен қақпаға тура бағыттады.

Ойын соңы аса тартысқа толы болды. Мюнхендік клуб шабуылын үдеткенмен, нәтиже шығара алмады. Есесіне мадридтік клуб та пенальти тебуге мүмкіндік алды. 83 минутта Хави Мартинес Фернандо Торресті шалып тоқтатты. Ойын ережесі айып алаңының сыртында бұзылған-ды. Бірақ, түрік төрешісі Джюнейт Чакыр қателесіп, Мануэль Нойер қорғаған қақпаға пенальти белгіледі. 11 метрлік айып добын Фернандо Торрес сәтті орындай алмады. Қақпашы допты қайтара білді.

Түрік төрешісі қосқан 5 минут та «Баварияның» шабуылымен үдеді. Мадридтік клуб қорғаушылары мен Ян Облак табандылық танытып, финалға берілер жолдаманы уыстарында ұстап қалды. Қос ойын қорытындысы бойынша 2:2 есебі тіркелгенмен, мюнхендік клуб үшін өз алаңында соқтырып алған голдың салмағы ауыр болды.

Мадридтік клуб Чемпиондар лигасының финалына бірінші болып шықты. Ал оның қарсыласы ертең мадридтік «Реал» мен ағылшындық «Манчестер Сити» арасындағы ойында анықталатын болады. Ал мюнхендік клуб үшінші жыл қатарынан жартылай финалда жеңіліс тауып отыр. Үшеуінде де испандық клубтарға есе жіберіп отыр.

Айта кетейік, мадридтік «Атлетико» осы маусымдағы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде елордалық «Астанамен» бірге ойнаған болатын. Мадридте алаң иелері қосалқы құраммен барған Станимир Стойлов шәкірттерін 4:0 есебімен жеңсе, Астанадағы ойын 0:0 есебімен аяқталған еді. 

Ө. Сансызбай