Қазақстандық ауыр атлет Денис Уланов Азия чемпионы атанды (видео)

Қазақстандық ауыр атлет Денис Уланов Азия чемпионы атанды (видео)
Фото: vk.com

Қазақстандық ауыр атлет Денис Уланов Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан Азия чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді.

85 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін отандасымыз жұлқа көтеруде 168 келіні бағындырды. Нәтижесінде бірінші жаттығу қорытындысы бойынша Денис Уланов кіші алтын медальға ие болды. Екінші орындағы қытайлық Сю Юнг 3 келіге аз көтерді.

Қазақстандық спортшы серпе көтеруді 200 келіден бастады. Бұл салмақ дәрежесін оңай еңсеріп, Азия чемпионы атанды. Дениске дейін қарсыластарының барлығы өз мүмкіндігін пайдаланып қойған болатын. Екінші мүмкіндігінде отандасымыз 205 келіге тапсырыс беріп, үшіншісінде бұл салмақты да басынан асыра көтерді. Нәтижесінде қоссайыс қорытындысы бойынша 373 келімен Азия чемпионы атанды.

Азия чемпионатының күміс жүлдесін ирандық Моузавижарахи (356 келі (158+198) иеленсе, қоланы қытайлық Сю Юнг жеңіп алды.

Айта кетейік, Ташкенттегі Азия чемпионатына Денис Уланов пен Владимир Седов аттанған болатын. 94 келіге дейінгі салмақта Владимир ертең жарыс жолына шығады.

Ө. Сансызбай