Премьер-лига. «Астана» мен «Ертіс» жеңіліссіз келеді

О Сансызбай Корреспондент
Премьер-лига. «Астана» мен «Ертіс» жеңіліссіз келеді
Фото ©️ pflk.kz

Футболдан ел премьер-лигасының V тур ойындары мәресіне жетті. Назарларыңызға ойындар туралы шолуымызды ұсынамыз.

БӨЛІСУ

«Тобыл» алғаш рет жеңілді

Қостанайдың «Тобыл» клубы өз алаңында «Ақтөбеге» есе жіберді. Бірінші болып Константин Дудченко алаң иелерін алға шығарғанмен, қонақтар жеңіске бастар жолды таба білді. 14 минутта Асланбек Кәкімов таразы басын теңестірсе, 70 минутта Никита Бочаров ақтөбеліктерге жеңіс сыйлаған голды соқты.

«Тобыл» маусымда алғаш рет жеңіліс тауып отыр. Осыған дейін «Ақжайық» пен «Шахтерды» ұтып, «Ордабасымен» тең ойнаған-ды. Ал «Атыраумен» өтетін ойыны кейінге шегерілген болатын.

«Ертіс» есе жіберер емес

Маусымды «Ертіс» жоғары қарқынмен бастады. Бес тур қатарынан жеңіске жеткен павлодарлық клуб есе жібермек түгіл, қақпаларына гол соқтырмай келеді. Бүгін Димитр Димитров шәкірттері өз алаңдарында Шымкенттің «Ордабасы» клубын 2:0 есебімен ұтты. Ойындағы екі гол да екінші таймда соғылды. 63 минутта Роман Мұртазаев есеп ашса, араға 10 минут сала Гогита Гогуа есепті еселеді.

Келесі турда «Ертіс» сырт алаңда «Ақтөбемен» ойнайды.

«Астананың» ашуы қатты...

Өткен маусымда ел чемпионы атанған «Астана» да ұпайдан шашау шығармай келеді. Елордалық клуб V турдағы ойынын Талдықорғанда өткізді. «Жетісу» қонақтарға қарсы ойында тең есепті сақтап қала алмады. 78 минутта Юрий Логвиненконың соққан голы «Астанаға» 3 ұпай сыйлады.

«Қайраттың» қарқыны жоқ...

Алматының «Қайрат» өз алаңында Қарағандының «Шахтер» клубымен тең ойнады. Кахабер Цхaдадзе жаттықтыратын клуб қарсыластарды қанша рет қыспаққа алғанмен, нәтиже шығара алмады. Сауатты қорғана білген «кеншілер» Алматыдан 1 ұпай алып қайтты. Тіпті, 3 ұпай алып қайтуына да мүмкіндік болған. Алайда ойын соңындағы шабуылдардың бірінде «Шахтер» ойыншысы Уббинк өз мүмкіндігін пайдалана алмады. Сондай-ақ, «Қайрат» 76 минутта 10 ойыншымен қалды. Капитан Бауыржан Исламхан екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Ол енді «Ордабасыға» қарсы ойынға қатыса алмайды.

«Атырау» көш соңында келеді

Маусымды сәтсіз бастаған клубтардың бірі – «Атырау». 4 ойыннан 1 ұпай ғана иеленді. V турдағы ойынын Көкшетауда өткізіп, екі доп айырмасымен «Оқжетпеске» ұтылды. Алаң иелері соққан екі голды Марат Хайруллин мен Жасұлан Молдақараев өз еншілеріне жазды. Бұл жеңістің нәтижесі бойынша көкшетаулық клуб турнир кестесінде 3-орынға көтерілді.

«Ақжайық» «Таразды» ұтты

V турда Оралдың «Ақжайық» клубы түзде «Таразды» ұтты. Ойындағы жеңіс голын 80 минутта Қуаныш Бегалин соқты.

Турнир кестесі

  Командалар    Ойын саны    Жеңіс    Тең ойын    Жеңіліс    Голдар    Ұпай  
1  Ертіс 5 5 0 0 11-0 15
2  Астана 5 5 0 0 9-3 15
3  Оқжетпес 5 3 1 1 8-3 10
4  Ордабасы 5 2 1 2 8-9 7
5  Ақтөбе 5 2 1 2 7-8 7
6  Тобыл 4 2 1 1 7-4 7
7  Ақжайык 5 2 0 3 3-7 6
8  Қайрат 5 1 2 2 4-5 5
9  Тараз 5 1 1 3 5-8 4
10  Жетісу 5 0 2 3 4-7 2
11  Шахтер 5 0 2 3 1-7 2
12  Атырау 4 0 1 3 1-7 1