Чемпиондар лигасы. «Атлетико» мен «Манчестер Сити» - ширек финалда!

Чемпиондар лигасы. «Атлетико» мен «Манчестер Сити» - ширек финалда!
Фото: vk.com

Чемпиондар лигасының ширек финалына шыққан тағы екі клуб белгілі болды. Ағылшындық «Манчестер Сити» өз тарихында алғаш рет бұл жетістікті бағындырса, мадридтік «Атлетико» Эйндховеннің «ПСВ» клубын пенальти сериясында ұтты.

Мадридте өткен жергілікті «Атлетико» мен Эйндховеннің «ПСВ» клубтары арасындағы ойынның негізгі уақытында есеп ашылмады. Бірінші ойында да қос клуб 0:0 есебімен тең тарқасқан еді. Қос ұжым қосымша уақытта да бір-бірінің қақпаларына гол соға алған жоқ. Нәтижесінде жеңімпаз ойын соңындағы пенальти сериясында анықталды.

«ПСВ» сапынан сегізінші болып пенальти орындаған Нарсинх қателікке бой алдырды. Ал мадридтік «Атлетико» сапынан Диего Годин жеңіс голын соғып, командасын ширек финалға алып шықты.

11 метрлік айып добын орындауда 8:7 есебі тіркеліп, Чемпиондар лигасы тарихындағы ең нәтижелі пенальти сериясы орын алған ойын ретінде рекорд орнатты. 

Ағылшындық «Манчестер Сити» өз тарихында алғаш рет ширек финалға шықты.  «Эттихад» стадионында өткен ойында есеп ашылмады. Нәтижесінде Мануэль Пеллегрини жаттықтыратын клуб Киевтегі ойын нәтижесі бойынша келесі кезеңге өтті. «Динамоның» алаңында өткен ойында ағылшындық ұжым 3:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. 

Айта кетейік, «Астана» футбол клубымен бір топта ойнаған лиссабондық «Бенфика» да, мадридтік «Атлетико» да ширек финалға шықты. Одан өзге «Реал», «Вольфсбург», «Манчестер Сити» және «ПСЖ» клубтары да – ширек финалда. 17 наурыз күні «Барселона» мен «Арсенал», «Бавария» мен «Ювентус» арасындағы қарымта ойындар өтеді. 

Ө. Сансызбай