Жарысқа жарақатпен шыққан Денис Тен екінші орын алды (видео)

Жарысқа жарақатпен шыққан Денис Тен екінші орын алды (видео)
Фото: vk.com

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен Люксембургте өткен «Сoupe du Рrintemps» халықаралық турнирінде екінші орын алды.

Отандасымыз осыған дейін жарақатына байланысты «Төрт құрлық чемпионатына» қатыспаған болатын. Люксембургтегі жарысқа да аздап жарақатымен қатысты. Жарысқа қатысуына еркін бағдарламадағы өнерін ауыстыруы себеп болды. Денис үшін 28 наурыз бен 3 сәуір аралығында Бостонда өтетін әлем чемпионатының алдында жаңа бағдарламаны орындау қажет еді.

Бірінші күнгі қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша 86,95 ұпай жинаған Денис бірінші орынға шықты. Алайда жарақаты мазалап тұрғанын жанкүйерлеріне хабарлап, еркін бағдарламаға шығуы екіұшты болған-ды. Десе де Денис Тен еркін бағдарламаға шығып, 133,45 ұпайға ие болды. Нәтижесінде қос бағдарлама қорытындысы бойынша отандасымыз күміс жүлдені қанағат тұтты.

«Сoupe du Рrintemps» халықаралық турнирінде бельгиялық Йорик Хендрикс жеңімпаз атанды. Ол қос бағдарламада 243,22 ұпайға ие болды. Үшінші орын жапон мәнерлеп сырғанаушысы Такахито Мураға бұйырды.

Ө. Сансызбай