«Қайрат» жанкүйерлеріне арнап ашық жаттығу өткізді

«Қайрат» жанкүйерлеріне арнап ашық жаттығу өткізді
Фото: massaget.kz

Алматының «Қайрат» футбол клубы жанкүйерлеріне арнап ашық жаттығу өткізді. Ашық жаттығу мен клубтың маусым алдындағы бейресми таныстыру шарасына Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, клубтың бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев, клубтың ардагер ойыншысы Құралбек Ордабаев пен клубтың жанкүйерлері қатысты.

Қала әкімі алматылық ұжымға сәттілік тілеп, жаңа маусымда жоғары жетістіктерге жетуіне тілектес екенін жеткізді. 

- Қайырлы күн құрметті жанкүйерлер, ардагерлер, футбол ұжымы! Тарихы тереңде жатқан клубтың жанкүйерлерімен, ұжымымен кездесу - мен үшін үлкен қуаныш. «Қайрат» - нағыз халықтың командасы. Жаңа маусымда жоғарғы жетіктіктерді тілейміз.Өткен маусымда Еуропа лигасында сәтті ойнап, жоғарғы дейгейдегі команда екенін дәлелдей білді. Былтыр ғана ашылған академияның мүмкіндіктерін көріп отырсыздар. Мұндай мүмкіндіктер өзге клубтарда жоқ деуге болады. Мұның барлығы - қазақ футболының келешегі үшін жасалып жатқан игі істер. Командаға жаңа маусымда жарқын жеңістер тілейміз - деді Бауыржан Байбек

Сондай-ақ алматылық клубтың балалар академиясына қаржы бөлінгенін тілге тиек етті. 

Қала әкімі соңынан клубтың Кеңес дәуірі кезінде белді қақпашысы болған Құралбек Ордабаев сөз алып, «Қайратқа» жаңа маусымда бірінші орын алуды тіледі. 

Ашық жаттығу алдында команда ойыншылары жанкүйерлермен кездесіп, суретке түсіп, қолтаңба таратты. Соңынан ашық жаттығуын өткізді.

Сондай-ақ футболшылардың ерекше жаттығуына арналған "footbonaut" технологиясы таныстырылды. Бұл технология ел футболында алғаш рет қолданылмақ. Ол футболшылардың жылдам шешу қабылдау мүмкіндігі мен қырағылығын арттыруға көмектеседі екен. 

Жаңа маусым алдында клуб президенті Қайрат Боранбаев, команданың жаңа жаттықтырушысы Александр Бородюк және команда капитаны Бауыржан Исламхан баспасөз мәслихатына қатысып, тілшілердің сұрақтарына жауап берді.

Команданың 2016 жылғы маусымға арналған жейделерінде "EXPO-2017" логотипі таңбаланатын болады. Алайда бұл клубтың ресми демеушісі емес. Бұл туралы баспасөз мәслихатында клубтың бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаевтың өзі айта кетті. Клубтың бұл маусымдағы қаржыландыруына "Халық банкі" мен "Алмалы" компаниясы демеушілік танытып отыр екен. 

Ө. Сансызбай