Бекман Сойлыбаевтың сегізінші қарсыласы белгілі болды

Бекман Сойлыбаевтың сегізінші қарсыласы белгілі болды
Фото: diamondring.kz

Калифорния штатының Коста Меса қаласында өтетін бокс кешіндегі Бекманның келесі қарсыласы аса тәжірибелі боксшы – Мойсес Дельгадилло. Жекпе-жек 18 ақпан күні өтеді.

28 жастағы Мексика майталманы WBC Mundo Hispana тұжырымының чемпиондық белбеуін де жеңіп алған. Кәсіпқой бокс рингіндегі алғашқы жекпе-жегін 2004 жылы өткізіпті. Содан бері 30 жекпе-жек өткізген.

Аса жоғары жетістіктері ретінде WBC тұжырымы бойынша жастар арасындағы, сондай-ақ WBC Caribbean Boxing Federation тұжырымы бойынша екінші жартылай жеңіл салмақтағы чемпиондық атаққа таласқандығын айта кетуге болады. Мексиканың Мойсесі соңғы рет рингке Америкада шыққан. Кіші Луис Рамоспен (25 (10 KO) – 2 – 0) жұдырықтасып,  WBC Fedelation тұжырымы бойынша «иесіз» қалған белбеуге таласқан. Бірақ ұтылып қалған.

Сонымен, Бекман Сойлыбаев пен Мойсес Делгадилло 8 раундтық рейтингтік жекпе-жек өткізеді.

– Қарсыласымның кім болатынын күтіп біраз жүрдім, – деді Бекман. – Бірақ бұл мен үшін үйреншікті жай, бірінші рет емес. Сондықтан алаңдамай, әдетегідей жаттыға бердім. Бүгін кіммен жұдырықтасатынымды біліп, Эрик Браун екеуміз онымен қалай айқасатындығымды ойластырып, тактикалық айла-амалдар құрастыра бастадық. Қарсыласым рингті жақсы сезінеді, соққысы да – қуатты. Өте қызықты жекпе-жек болады, әрі Қазақстан жанкүйерлерін қуантамын деп ойлаймын.

Қазақстандық Diamond Ring компаниясының боксшысы Бекман Сойлыбаев қазір көпшілікке танымал Америка маманы Эрик Браунның қол астында жаттығып жүр. Бекман өзінің соңғы жекпе-жегін Киевте өткізіп, Грузияның тәжірибелі тарланбозы Кахабер Аветисянды (43(25KO) – 34 – 1) ұпай айырмасымен болса да, айқын басымдықпен жеңген болатын. Әзірше ол кәсіпқой бокс рингінде жеті жекпе-жек өткізіп, бәрінде де жеңіске жетті. Әрі үш жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтады.

Дереккөз:diamondring.kz

Ө. Сансызбай