Универсиада нысандары жарыстан кейін қайда беріледі?

О Сансызбай Корреспондент
Универсиада нысандары жарыстан кейін қайда беріледі?

Алматыда журналистерге арналған пресс-тур өтті.  Тур барысында БАҚ өкілдері жаңадан бой көтеріп жатқан үш спорт нысанының құрылыс жұмыстарымен танысты. Журналистерге  3 мыңдық Мұз аренасы, 12 мыңдық Мұз сарайы және 5 мың адамға арналған Атлетикалық қалашық көрсетілді.

БӨЛІСУ

Белгілі болғандай,  Универсиаданың барлық салынып жатқан нысандары 2016 жылдың 30-шы тамызында пайдалануға беріледі. Қазқамтудың үлесі – 50 пайызды құрайды. Нысандардың құрылыс жұмысына 50 мың адам жұмылдырылған. Спорт нысандары Алматы қаласының 1000 жылдығын тойлау барысында есігін айқара ашпақ. Айта кету керек, Алматының 1000 жылдығы ЮНЕСКО-ның мерекелік күнтізбесіне енгізілген.  

3 мың адамға арналған Мұз аренасы

Құрылыс жұмыстарының барысы: Биылғы жылдың 22-ші наурызында Медеу ауданындағы 3000 мыңдық Мұз аренасының, мұз айдыны дайын болмақ. 6-шы шілдеде басты аренаның құрылысы аяқталады.   

Құрылыс жұмыстарын жүргізуші компания «Ария Жаңа Астана» ЖШС.

28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада аясында Мұз аренасында ерлер арасында шайбалы хоккейден жарыстар өтеді.  

Мұз аренасы негізгі және кіші арена болып бөлінеді:

Кіші арена (300 орын, 4 киім ауыстыратын бөлме, әрқайсысы 200 ш.м, төрешілер аймағы,  медпункт, жаттығу залы, хореография залы, акробатика залы, әкімшілік бөлімшелер мен офистер).

Негізгі арена (8 киім ауыстыратын бөлме, әрқайсысы 200 ш.м, 3000 көрермен орыны, төрешілер аймағы, баспасөз орталығы/медиа орталық, 160 орындық кафе және 150 орынға арналған 2 кафе-буфет, допинг-тексеру және медпункт).

12 мың көрерменге арналған Мұз сарайы

Құрылыс жұмыстары: Мұз сарайында бассейн және сырғанау алаңы, әкімшілік ғимаратының құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Нысанның негізгі бөлігі 2016 жылдың 9 мамыр күні пайдалануға беріледі. 
Құрылысты «СК Базис» ЖШС құрылыс компаниясы жүргізуде. 

Мұз сарайы- 2017 жылғы Қысқы Универсиаданың ең үлкен нысаны. Ол жерде негізгі, 12 мыңға және кішкентай 475 көрерменге арналған арена болады. Бүкіләлемдік 28-ші қысқы Универсиаданың ашылу және жабылу салтанаты негізгі айдында өтеді. Сонымен қатар, мәнерлеп сырғанаудан жарыс ұйымдастырылады. Ал кіші аренада керлинг спорты бойынша спортшылар бақ сынайды. 

Кішкентай айдын 475 көрерменді сыйдыра алады. Оған қоса, ғимараттың ішінде: бокс залы, күрес залы, үстел теннисі, хореография, акробатика, екі жаттығу залы және медициналық қайта қалпына келтіру орталығы болады. 

Нысандарда мұз айдының төсенішін ауыстырып, волейбол, баскетбол, кіші футбол және тағы басқа спорт түрлерінен жарыстар өткізуге болады. Сонымен қатар, әлемдік деңгейдегі іс-шаралар, концерттер өткізуге ыңғайлы етіп, жарық және дауыс жұмыстары атқарылуда. Екі аренада әр түрлі деңгейдегі конференциялар, жиындар, форумдар, көрмелер және келіссөздер өткізуге болады. Жаңа ареналар кәсіпқой спортшылардың тұрақты түрде жаттығу өткізетін орнына айналады. 

Мұз айдындардың есігі барлық адамдарға айқара ашық болады. Коньки тебуге, әуесқойлар арасында жарыстар өткізуге, спорттық секциялар ұйымдастыруға мүмкіншілік болады. Жер үсті және жер асты көлік тұрақтары, холлдар, киім ілетін орындар, дәмхана, ресторан сияқты қоғамдық орындар халқы көп Алматы қаласының ең ыңғайлы орнына айналдырады. 

5 мың адамға арналған Атлетикалық қалашық 

Құрылыс жұмыстары 5000 орынға арналған төр тұрғын үй 22-ші наурыз күні, ал келесі 4 тұрғын үй — 9 мамыр, 2 тұрғын 6 шілде күндері аяқталады. Тамыз айының бірінші күні тұрғын үй аумағын безендіру жұмыстары басталады. Құрылыс жұмыстарын «Элитстрой Алматы» ЖШС құрылыс компаниясы жүргізуде. Атлетикалық аренада әлеуметтік инфрақұрылым мен көлік торабы дамытылады. Бұл Алматы қаласының Алатау ауданының дамуына серпін береді. 

8 және 9 қабатты  екі кіреберіс есігі бар тұрғын үй + 14 қабатты 4 ғимарат Универсиададан кейінгі Атлетикалық қалашықтың тұрғын үй бөлігіне айналмақ.

Атлетикалық қалашықтың 29 000 шаршы метрін құрайтын коммерциялық аймақта Универсиадаға, жергілікті тұрғындарға, ауданға арналған дүкендер, кафе, фуд-корттар, фитнес-орталықтары, аурухана, банк, пошта қызметі, полиция бөлімшелері, қызмет көрсету орталықтары мен сұлулық салондары іске қосылады. 

Универсиаданың баспасөз-қызметі