Қанат Ислам Головкиннен жеңілген боксшымен жұдырықтасуы мүмкін

О Сансызбай Корреспондент
Қанат Ислам Головкиннен жеңілген боксшымен жұдырықтасуы мүмкін
Фото ©️ allboxing.ru

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Исламның қаңтар айындағы қарсыласы колумбиялық Мильтон Нуньез болуы мүмкін. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлап отыр.

БӨЛІСУ

Колумбиялық боксшы қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Ол 2010 жылы Геннадий Головкинмен WBA тұжырымы бойынша уақытша чемпиондық атаққа таласқан болатын.  Панамада өткен жекпе-жекте отандасымыз Мильтон Нуньезді бірінші раундта-ақ ұрып құлатқан еді. Нәтижесінде колумбиялық кәсіпқой рингтегі екінші жеңілісінің кермек дәмін татқан-ды.

28 жастағы Мильтон Нуньез 2010 жылдан 21 жекпе-жек өткізген. Оның 8-де ғана жеңіске жеткен. Ал спорттық мансабында 45 жекпе-жек өткізген. 29 рет жеңіске жетіп, 15 рет жеңілген. 1 рет тең түскен. Соңғы рет желтоқсан айында Колумбияда отандасы Техеран Эдинсонды жеңген.

Айта кетейік, осыған дейін Қанат Ислам спорттық мансабындағы 21-ші жекпе-жегін Қытайда өткізетіні туралы айтылған болатын. Сондай-ақ, 2016 жылдың екінші жартысында Қазақстанда да бір жекпе-жегін өткізуді жоспарлап отыр.