Денис Тен «NRW Trophy» турнирінде екінші орын алды

Денис Тен  «NRW Trophy» турнирінде екінші орын алды
Фото: eurosport.ru

Мәнерлеп сырғанаудан Германияның Дюссельдорф қаласында өткен «NRW Trophy» халықаралық турнирінде Денис Тен күміс медаль иеленді. Отандасымыз қос бағдарлама қорытындысы бойынша 241,91 ұпай жинады.

Денис Тен қысқа бағдарламада 82.63 ұпай иеленіп, үшінші орыннан көрінген-ді. Еркін бағдарламада отандасымыз 159,28 ұпай жинап күміс медальға ие болды. Бірінші орын бельгиялық спортшы Йорик Хендрикске бұйырды. Ол қос бағдарлама қорытындысы бойынша 244,69 ұпайға ие болды. Қола жүлде ресейлік Сергей Вороновқа (223,95) бұйырды.

Қазақстандық спортшы күзгі маусымды Загребтегі «Golden Spin of Zagreb 2015» халықаралық турнирімен қорытындылайды. Бұл жарысқа Денистен өзге Абзал Рақымғалиев пен қыздар арасында Элизабет Тұрсынбаева қатысады.

Ө. Сансызбай