Жазира Жаппарқұл әлем чемпионатындағы екінші күмісін иеленді

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Жазира Жаппарқұл әлем чемпионатындағы екінші күмісін иеленді
Фото ©️ vk.com

Қазақстандық ауыр атлет Жазира Жаппарқұл Хьюстонда өтіп жатқан әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Ал 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Майя Манеза алғашқы ондықты қорытындылады.

БӨЛІСУ

Әйелдер арасындағы 69 келіге дейінгі салмақта жарыс жолына Жазира Жаппарқұл мен Майя Манеза шықты. Негізінен Майяның орнына бұл додаға Анна Нұрмұхамбетова баруы тиіс болатын. Алайда соңғы жаттығуларының бірінде жарақат алып қалған спортшының Хьюстонға жолы түспеді.

Майя Манеза жұлқа көтерудегі үш мүмкіндігінің алғашқысын ғана пайдаланып, 100 келіні еңсерді. Ал Жазира бірінші жаттығуды 112 келіден сәтті бастады. Екінші мүмкіндігінде 116 келіні көтеріп, үшінші кезегінде 120 келіні басынан асыра алмады.

Серпе көтеруде Майя Манеза екі мүмкіндігін ойдағыдай орындағанмен, үшіншісінде 140 келіні ырқына бағындыра алмады. Нәтижесінде екінші жаттығуды 135 келі көрсеткішімен аяқтады. Ал Жазира серпе көтеруді сәтсіз бастады. 140 келіні екінші мүмкіндігінде еңсерді. Қытай спортшысы Сян Яньмэймен алтын жүлде үшін өткен таласта отандасымыз 147 келі зілтемірді көтере алмады.

Айта кетейік, 2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында да Жазира Жаппарқұл күміс медаль иеленген болатын. Алатау баурайында өткен жарыста қазақстандық спортшы қос жаттығу қорытындысы бойынша 262 келіні еңсерген еді.