Алмас – күміс, Жасұлан – қола алды (видео)

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Алмас – күміс, Жасұлан – қола алды (видео)
Фото ©️ massaget.kz

Ауыр атлетикадан Хьюстонда өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан қоржыны бір күміс, бір қола жүлдемен толықты. 94 келіге дейінгі салмақта жарыс жолына шыққан Алмас Өтешов әлем чемпионатындағы екінші күмісін алса, Жасұлан Қыдырбаев қоланы қанағат тұтты.

БӨЛІСУ

Жұлқа көтеруде Алмас Өтешов 173 келіден бастап, бірінші мүмкіндігін ойдағыдай орындады. Ал Жасұлан Қыдырбаев бірінші мүмкіндігінде 178 келіні оңай көтерді. Кейіннен Алмас 180 келіні басынан асырды. Алайда төрешілер қазақстандық спортшының нәтижесін есепке алмады. Өз атағын қорғаған Жасұлан жұлқа көтеруде кейінгі екі мүмкіндігін мүлт жіберіп алды.

Серпе көтеруде тартыс қыза түсті. Алмас Өтешов алдымен 220 келіні көтерсе, Жасұлан 221 келіні бағындырды. Алайда Жасұлан кейінгі екі мүмкіндігінде 231 келіні көтере алмай, екі дүркін әлем чемпионы атана алмады. Бұл тұста беларус спортшысы Вадим Стрельцов 230 келіні көтеріп, бірінші орынға шықты. Тәуекелге бел буған Алмас Өтешов 234 келіге тапсырыс беріп, Илья Ильин рекордын жаңартып әлем чемпионы атану мүмкіндігіне қол созды. Алайда отандасымыз бұл салмақты өз ырқына көндіре алмады. Нәтижесінде жұлқа көтеруде жинаған нәтижесі алтын алуға жеткіліксіз болды.

Қос жаттығу қорытындысы бойынша 405 келі (175+230) көтерген беларус Вадим Стрельцов әлем чемпионы атанды. Алмас Өтешов қос жаттығуда 402 келі (173+230) көтерсе, Жасұланның нәтижесі 399 келі (178+221) болды.

Айта кетейік, өткен жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында Жасұлан Қыдырбаев жұлқа көтеруде 179 келіні, серпе көтеруде 229 келіні басынан асырып, әлем чемпионы атанған болатын. Күміс жүлде 407 келіні (188+219) бағындырған Владимир Седовқа бұйырған-ды.