«Астана» Мадридте «Атлетикоға» ірі есеппен есе жіберді (видео)

«Астана» Мадридте «Атлетикоға» ірі есеппен есе жіберді (видео)
Фото: vk.com

Чемпиондар лигасының үшінші туры аясында елордалық «Астана» Мадридте «Атлетикоға» 4:0 есебімен ұтылды. Қосалқы құраммен ойнаған қазақстандық клуб қарсыластарына айтарлықтай қарсылық таныта алмағанмен, командалық ойын жүйесін барынша көрсете білді.

«Астана» футболшылары алғашқы минуттардан-ақ алаңға бой үйретіп, сауатты өнер көрсетуге тырысты. Азулы қарсыласқа қарсы аянып қалмай текетіресетінін танытатындай көрінді. Фокси Кетевоама мен Джуниор Кабананганың алға ұмтылысы алаң иелеріне қауіп төндірмей қойған жоқ. Алыстан бағытталған соққылар қақпадан биік кетумен болды.

Елордалық клубтың ойыншылары қобалжығаны кей тұста байқалып та тұрды. Қорғаушылар жиі қателікке бой алдырумен болды. Әсіресе алаң иелері стандартты жағдайларды сәтті пайдалануға ұмтылды. Алдымен бұрыштамадан асырылған допты Антуан Гризман қайшылай теуіп, қақпаға тоғытуға шақ қалды. Алайда артынша «Атлетико» ойыншылары есепте алға шықты. Бұрыштама добын сәтті пайдаланған мадридтік клубтың дайындық жүйесі өз нәтижесін берді. Сауль Ньигес есеп ашты.

29 минутта қазақстандық клубтың қорғаушылары кезекті рет қателісіп, алаң иелері есепті еселеп кетті. Бұл жолы Джексон Мартинестің асқан қулықпен тепкен добын Ненад Эрич қайтара алмады. 40 минутта Джексон Мартинес дубль авторы атанудың аз-ақ алдында қалды. Шабуылшының баспен бағыттаған добын Ненад Эрич соңғы сәтте қайтарып үлгерді. Абзал Бейсебеков пен Елдос Ахметовтің өрескел қателіктері жиі көзге ұрумен болды. Нәтижесінде «Астана» қарсыластарына 2:0 есебімен ұтылып шықты.

Екінші таймды қос клуб та бәсең бастады. 51 минутта Джуниор Кабананганың бағыттаған добы әлсіз шығып, алаң иелерінің қақпасына аса қауіп төндірмеді. 58 минутта Фокси Кетевоама допты өз ыңғайына бағындыра алмай, есепті қысқартуға берілген мүмкіндікті пайдалана алмады. Есесіне 63 минутта қорғанысты бір сәт назардан шығарған «Астана» ойыншыларының қателігін Оливьер Торрес сәтті пайдаланып кетті.

Араға 1 минут сала «Астана» ойыншылары «Висенте Кальдеронда» гол соғуға мүмкіндік алды. Алайда Ян Облак тамаша сэйв жасап, допты қайтарып үлгерді. Одан кейінгі уақытта «Атлетико» алаңға шыққан Фернандо Торрестің гол соғуына жағдай жасаумен болды. Екі рет Ненад Эрич шабуылшының 100-ші голын соғуына мүмкіндік бермеді. 90 минутта Фернандо Торрес ке мерейлі голын соғуға тамаша мүмкіндік туды. Алайда Денис Дедечко Торреске гол соқтырмаймын деп, өз қақпасына автогол соқты. Қорытындысында «Астана» 4:0 есебімен жеңіліп, Мадридтен құралақан қайтты. Қос клуб арасындағы екінші ойын екі аптадан кейін «Астана Аренада» өтеді. 

«С» тобындағы екінші ойында Түркияның «Галатасарай» клубы Португалияның «Бенфикасын» жеңді. Кездесуде 2:1 есебі тіркелді. 

Турнир кестесі

         Командалар                    Ойын                  Жеңіс                  Тең                  Жеңіліс                  Голдар               Ұпай        
1 "Бенфика" 3 2 0 1 5-3 6
2  "Атлетико М" 3 2 0 1 7-2 6
3  "Галатасарай" 3 1 1 1 4-5 4
4  "Астана" 3 0 1 2 2-8 1
Ө. Сансызбай