Жансая Әбдімәлік әлем чемпионатында үшінші орын алды

О Сансызбай Корреспондент
Жансая Әбдімәлік әлем чемпионатында үшінші орын алды
Фото ©️ facebook.com

Қазақстандық танымал шахматшы Жансая Әбдімәлік Ханты-Мансийскте өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында (20 жасқа дейінгі) үшінші орын алды. Ал Динара Сәдуақасова төртінші орынды қанағат тұтты.

БӨЛІСУ

Ханты-Мансийсктегі (Ресей) дода 13 кезеңнен тұрып, ашық (open) және қыздар арасындағы (girls) санаттар бойынша жеңімпаздарды анықтады.

15 жастағы қазақстандық спортшы сегізінші турға дейін көш бастап келді. Сегізінші турда Жансая екінші бір отандасымыз Динара Сәдуақасовамен тең ойнаса, тоғызыншы турда беларус шахматшысы Анастасия Зезюлькинамен де тең ойнап қалды.

Шешуші турда Жансая Әбдімәлік ресейлік Александра Макаренкомен тең ойнап, тағы ұпай жоғалтты. Нәтижесінде барлығы 9,5 ұпайға ие болды. Ал 10 ұпай жинаған украиналық Наталья Букса жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды. Екінші орынды Жансаямен бірдей ұпай (9,5 ұпай) жинаған ресейлік Алина Бивол иеленді. Ол отандасымыздан қосымша нәтижелері бойынша басым түсті.

Жансая Әбдімәліктен өзге Динара Сәдуақасова (9 ұпай) төртінші орын, Бибісара Асаубаева 6,5 ұпаймен жиырма төртінші орынды қанағат тұтты.