Ескі әнұран шырқалған жекпе-жекте Біржан Жақыпов жеңіліс тапты

Ескі әнұран шырқалған жекпе-жекте Біржан Жақыпов жеңіліс тапты
Фото: kfb.kz

Қытайдың Гуйян қаласында бокстан АРВ жобасының 49 келіге дейінгі маусымдағы басты жекпе-жегі аяқталды. 12 раундқа созылған кездесуде қазақстандық Біржан Жақыпов төрешілер шешімімен қытайлық Лю Бинге есе жіберді.

Біржан Жақыпов пен Лю Бин жекпе-жегі қазақстандық жанкүйерлер күтпеген оқиғамен басталды. Жарысты ұйымдастырушылар Қазақстанның ескі әнұранын қойып, қателік жіберді. Бұл да қазақстандық спортшыны жекпе-жек алдында бір қобалжытқандай болды...

Бірінші және екінші раундта үш төреші де Лю Бинді үздік деп таныды. Үшінші раундта Біржан Жақыпов ширақ шабуылдап, соққыларын өткізе білді. Алайда кейінгі раундтарда отандасымыз қарсыласынан артық қимыл жасай алмады. Жекпе-жек тең дәрежеде жалғасқанмен, қарсыластың жылдам қимылы ұпай иеленуіне жол ашты.

Тоғызыншы раундта ғана Біржанның ширақ қимылдап, жойқын соққыларымен көзге түскенін байқаған төрешілер өз ұпайларын отандасымызға берді. Алайда кейінгі уақытта қазақстандық боксшы қарсыласына айқын басымдығын таныта алмады. Нәтижесінде төрешілер 113:115, 111:117, 111:117 есеп нәтижелерімен Лю Бинді жеңімпаз ретінде таныды. Сондай-ақ, АРВ чемпиондық белбеуіне ие болды.

Айта кетейік, осыған дейін АРВ жобасы аясында Антон Пинчук (91 келіге дейін) румын Драгос Гионияны жеңсе, Ілияс Сүлейменов қытайлық Ян Чанға ұтылып қалған еді. 

Ө. Сансызбай