Қазақстан жастар құрамасы Швейцарияға есе жіберді

Қазақстан жастар құрамасы Швейцарияға есе жіберді
Фото: massaget.kz

Футболдан 2017 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Қазақстан жастар құрамасы (U-21) Швейцария жастарына есе жіберді. Алматының орталық стадионында өткен ойында қонақтар бір доп басымдығымен жеңіске жетті.

Саулюс Ширмялис шәкірттері алғашқы минуттардан-ақ қорғаныста ойнады. Швейцариялықтар ширақ қимылдап, шабуылға баса назар аударумен болды. Қарымта шабуылда ойнауға тырысқан қазақстандықтар бірінші болып есеп ашуға мүмкіндігі де болды. Алайда гол соға алмады.

Екінші таймда да швейцариялықтар шабуылда ойнады. 3 ұпайды иеленіп қайту үшін барын салып бақты. Десе де Қазақстан жастар құрамасының (U-21) қорғанысы сыр бере қойған жоқ. 85 минутта ойынның бас төрешісі болгар Никола Попов Қазақстан қақпасына пенальти белгіледі. Швейцария құрамасының шабуылшысы Шани Тарашай 11 метрлік соққыны сәтті орындап, командасына жеңіс сыйлаған голды соқты. Негізгі және қосымша уақытта Қазақстан жастары таразы басын теңестіруге ұмтылғанмен, нәтиже шықпады.

Айта кетейік, 2 қыркүйек Қазақстан жастар құрамасы сырт алаңда Босния және Герцеговина жастарын 2:1 есебімен жеңіп келген болатын. Келесі кездесуін 8 қазан күні түзде Норвегияға қарсы өткізеді. 

Ақпаратты орыс тілінде vesti.kz сайтынан оқи аласыздар.

Ө. Сансызбай