Қазақстандық 6 боксшы Азия чемпионатының финалына шықты

Қазақстандық 6 боксшы Азия чемпионатының финалына шықты
Фото: kfb.kz

Бокстан Таиланд астанасы Бангкокта өтіп жатқан Азия чемпионатының финалына 6 қазақстандық боксшы шықты. Жартылай финалда Қайрат Ералиев қана жеңіліс тауып, қола жүлдені қанағат тұтты.

52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Олжас Сәттібаев финалға шықты. Қазақстандық боксшы жартылай финалда қырғыз елінің былғары қолғап шебері Азат Үсеналиевті ұтты. Төрешілердің барлығы отандасымызды жеңімпаз ретінде таныды. Финалда Олжас өзбекстандық Шахобидин Зойровпен жұдырықтасады.

69 келіге дейінгі салмақтағы ұлттық құрама капитаны Данияр Елеусінов жартылай финалда моңғол боксшысы Тубшинбат Бямбадан басым түсті. Қазақстандық боксшының жарыстағы басты қарсыласы да осал болған жоқ. Барынша қарсыласып бақты. Жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер отандасымызды жеңімпаз ретінде атады. Данияр финалда филиппиндік Эумир Марсиалмен кездеседі.

Азия чемпионатында Закир Сафиуллин сәтті өнер көрсетіп келеді. 60 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын отандасымыз жартылай финалда жапон Дайсуке Нариматсуды жеңді. Финалда моңғол боксшысы Дорьнямбуу Отгондалаймен кездеседі.

Әділбек Ниязымбетов жартылай финалда ирандық Хассан Шаниниді айқын жеңіп, финалға жолдама алды. Отандасымыз алтын медаль үшін өтетін жекпе-жекте өзбек Эльшод Расуловпен жұдырықтасады.

Қазақстан құрамасы сапынан бесінші болып финалға Иван Дычко шықты. 91 келіден жоғары салмақта шаршы алаңға шығатын отандасымыз жартылай финалда Иорданиядан келген Хусейн Яшайштан басым түсті. Финалда «аспан асты елінің» боксшысы Янг ибаомен жұдырықтасады.

«Astana Arlans» сапында Олимпиада жолдамасын иеленген Василий Левит те қарсылас шыдатпай келеді. Жартылай финалда тәжік боксшысы Джахон Құрбановты айқын басымдықпен жеңді. Финалда өзбек боксшысы Руслан Тулагановпен кездеседі.

Жартылай финалда Қайрат Ералиев қана сүрінді. Шаршы алаң иелерінің боксшысы Чатчай Батдиден жеңілген отандасымыз қола медальды қанағат тұтты.

Айта кетейік, бокстан Қазақстан құрамасы сары құрлықта алдыңғы қатарлы елдердің бірі. 2013 жылы Иордания астанасы Амманда өткен Азия чемпионатында сегіз боксшымыз финалға шығып, жетеуі чемпион атанған болатын.

Ө. Сансызбай