Қазақстандық кәсіпқой боксшылар кезекті жеңістерін тойлады

Қазақстандық кәсіпқой боксшылар кезекті жеңістерін тойлады
Фото: vk.com

Кәсіпқой бокста еліміздің намысын қорғап жүрген қазақстандық былғары қолғап шеберлері Бекман Сойлыбаев пен Радмир Ахмедиев мансаптарындағы кезекті жеңістеріне қол жеткізді.

2014 жылы кәсіпқой боксқа ауысқан Бекман Сойлыбаев бүгін америкалық Хосе Луис Арайзаны жеңді. Қазақстандық боксшы алғаш рет тәжірибелі қарсыласқа қарсы шықты. Кәсіпқой рингте 45 кездесу өткізіп үлгерген америкалық боксшы Бекманға қарсылық таныта алған жоқ. Отандасымыз спорттық мансабындағы алтыншы жеңісін тойлады.

Кәсіпқой бокста жүрген екінші бір қазақстандық боксшы Радмир Ахмедиев те бүгін жеңіс тұғырынан көрінді. Ол да америкалық боксшыны жеңді. Венс Адриан Гарвей үлкен рингте 57 жекпе-жек өткізгенмен, 42-сін жеңіліспен аяқтаған. 6 раундқа жоспарланған жекпе-жек соңына дейін жалғасып, қазақстандық боксшы қарсыласынан ұпай айырмасымен басым түсті.

Айта кетейік, осыдан екі кейін бұрын Бахтияр Эюбов та қарсыласын екінші раундта техникалық нокаутпен ұтып, мансабындағы сегізінші жеңісіне қол жеткізген болатын.  

Ө. Сансызбай