Сүйінші! «Астана» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты!

Сүйінші! «Астана» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты!
Фото: vk.com

Қазақстандық клуб тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты. Елордалық «Астана» қос ойын қорытындысы бойынша Кипрдің «АПОЭЛ» клубын плей-офф кезеңінде сүріндірді.

Никосиядағы кездесуді алаң иелері ширақ бастады. Бірінші ойындағы қателіктерін жуып шаюға асыққан «АПОЭЛ» ойыншылары жылдам гол соғуға ұмтылды. Екінші нөмірмен ойнаған елордалық клуб ойыншылары қорғаныста қателеспей, қарымта шабуылда ойнауға иек артты.

35 минутта «Астана» шабуылшысы Бауыржан Жолшиев ойындағы аса қауіпті сәттердің бірін тудырды. Алайда алаң иелері де қарап қалған жоқ. Араға 1 минут сала «АПОЭЛ» ойыншылары есеп ашудың аз-ақ алдында қалды. Ненад Эричтің қолына тиіп серпілген доп қақпа бағанынан кері қайтты. 42 минутта Дмитрий Шомконың алыстан бағыттаған добы алаң иелері қорғаушыларының аяғына тиіп, қақпаға тура ұшты. Алайда Вой Батерман командасын голдан құтқарып қала білді. Нәтижесінде қос клуб бірінші таймда 0:0 есебімен тең тарқасты. Доп ұстау басымдығын алаң иелері нықтап қолға алғанмен, «Астана» қорғанысы сыр берген жоқ.

Екінші таймды да «АПОЭЛ» ойыншылары алға ұмтылумен бастады. Бұл тұста Фокси Кетевоаманың ойынын ерекше атап өтуге болады. Алда да, артта сауатты ойнай білді.  51 минутта «Астана» қорғаушыларының өрескел қателігі алаң иелерінің есеп ашуына жағдай жасады. Қазақстандық клубтың қуанышына орай, доп қақпадан қиыс кетті. 55 минутта Бауыржан Жолшиевтің «АПОЭЛ» қорғаушысын алдап тепкен добы қақпадан биіктеу кетті. Елордалық клубтың шабуылшысы алаңда нағыз шабуылшыға тән өнерімен көзге түсті. 60 минутта Фокси Кетевоама ойын ережесін бұзды. Айып соққысын орындаған Стилич ойындағы есепті ашты. 68 минутта «Астана» қақпасы алдында тағы бір қауіпті сәт орын алды. Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы командасын голдан құтқарып қала білді. 72 минутта да Ненад Эрич допты асқан шеберлікпен қайтара білді. «Жақсы қақпашы – жарты команда» демекші, Ненад ойында үлкен ерлік танытты.

84 минутта Бауыржан Жолшиевтің алға ұмтылысы өз нәтижесін берді. Шабуылшының алға асырған добына Неманья Максимович бірінші жетіп, таразы басын теңестірді. Нәтижесінде қазақстандық жанкүйерлер асыға күткен гол да соғылды. Кездесудің аяқталуына 1 минут қалғанда Джуниор Кабананга өзіне берілген мүмкіндікті пайдалана алмады. Одан кейінгі аралықта да «Астана» ойыншыларының есепте алға шығуына мүмкіндік болған. Өкінішке орай, пайдалана алмады. Есесіне тең нәтиже де қазақстандық клубқа тиімді екені рас. Бірінші ойында бір доп басымдығымен жеңіске жеткен Станимир Стойлов шәкірттері қос ойын қорытындысында топтық кезеңге өтті. Қазақ футболы тарихында нағыз ерлік жасады. 

Кездесу статистикасы:

Голдар: 1 — 1
Қақпаға соққылар: 12 — 7
Қақпаға дәл соққылар: 7 — 5
Қақпа бағаны: 1 — 0
Сейвтар: 4 — 8
Шабуыл: 49 — 16
Бұрыштама: 8 — 2
Офсайдтар: 2 — 2
Ереже бұзу: 18 — 9
Допқа иелік ету: 65% — 35%. 

«АПОЭЛ» (Никосия, Кипр) — «Астана» (Астана, Қазақстан) 1:1 (0:0)

Бірінші ойын: 0:1

Голдар: Штилич 60 (1:0), Максимович 84 (1:1)

Ескертулер: Де Винсенти 32, Хараламбидес 61, Вандер 88 — Илич 37, Каньяс 71, Аничич 88

АПОЭЛ: Ватерман, Карлао (Жоао Гильерме 83), Антониадес (Пентковски 86), Макридис (Хараламбидес 55), Де Винcенти, Леал, Штилич, Астис, Мораиш, Сержиу, Вандер

«Астана»: Эрич, Аничич, Максимович, Жуков (Бейсебеков 89), Кетевоама (Щеткин 90), Нөсербаев (Кабананга 68), Жолшиев, Илич, Постников, Шомко, Каньяс

Бас төреші: Мартин Аткинсон (Англия)

26 тамыз. Никосия. ГСП.

Ө. Сансызбай