Ди Мария «Манчестер Юнайтедтен» біржола кетті

Ди Мария «Манчестер Юнайтедтен» біржола кетті
Фото: 101greatgoals.com

Танымал аргентиналық футболшы Анхель Ди Мария ағылшындық «Манчестер Юнайтедтен» біржола кетті. «Қызыл сойқандар» сапында бір маусым өнер көрсеткен футболшы Англияда тұрақтай алмады.

Аргентина ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Париждің «ПСЖ» клубының сапын толықтырды. Дохада клубтың медициналық тексеруінен өткен футболшы француз клубына ауысқаны туралы мәлімдеп үлгерді.

- «ПСЖ» ойыншысы атанғаныма қуаныштымын. Париждік клуб өткен маусымда Франциядағы барлық жарыстарда жеңімпаз атанды. Мен енді Чемпиондар лигасында өз көмегімді тигіземін деген ойдамын, - деді жартылай қорғаушы.

Анхель Ди Марияның трансфер құны 63 миллион евроға бағаланып отыр. «Корольдік клуб» пен «Манчестер Юнайтед» арасындағы келісімшартқа байланысты 8 миллион евро мадридтік клубқа тиесілі болып отыр.

Айта кетейік, Анхель Ди Мария манкуниандық клуб сапында 27 ойынға қатысып, 3 гол соққан. 12 рет нәтижелі пас берген.

Ө. Сансызбай