Қазақстандықтар «Абердин» - «Қайрат» ойынын тікелей эфирде көре алмайды
Қазақстандықтар «Қайраттың» Еуропа лигасындағы «Абердинге» қарсы өткізетін ойынын тікелей эфирде тамашалай алмайды. Шотландияда өтетін кездесуді осыған дейін «KazSport» арнасы көрсететіні туралы айтылған болатын.
«KazSport» арнасы «Абердин» - «Қайрат» ойынын көрсетпеуінің нақты себептерін түсіндірді. Арнаның баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, жергілікті арна футбол кездесуін түсірмейтін болған.
- Бұл маусымдағы еурокубок ойынын көрсетуде екінші рет тығырыққа тіреліп отырмыз. Осыған дейін «Марибор» - «Астана» кездесуінде де жергілікті арналардың түсірмеуінің салдарынан тікелей эфир жүзеге аспай қалған еді. «Абердин» - «Қайрат» ойынын көрсету үшін соңғы сәтке дейін келіссөздер жүргізгенмен, жүзеге аспады, - деді арнаның бас продюсері Павел Цибулин.
Айта кетейік, «Қайрат» пен «Абердин» арасындағы Алматыда өткен алғашқы ойында Владимир Вайсс шәкірттері 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Қарымта кездесу 6 тамыз күні Шотландияда өтеді.
Ө. Сансызбай