Қазақстандық боксшы қарсыласын 38 секундта ұтты

Қазақстандық боксшы қарсыласын 38 секундта ұтты
Фото: vk.com

Кәсіпқой бокста ел намысын қорғап жүрген отандасымыз Бекман Сойлыбаев кезекті жеңісіне қол жеткізді. Калифорния штатына қарасты Чино қаласында өткен жекпе-жекте қазақстандық боксшы қарсыласы Серхио Нахеерді (Мексика) 38 секундта жеңіп шықты.

24 жастағы қазақстандық боксшы спорттық мансабындағы бесінші жеңісін тойлап отыр. Осыған дейінгі төрт кездесуінде де қарсыласынан басым түскен болатын. Үшінші кездесуін мезгілінен бұрын аяқтады.

Бекман Сойлыбаев гонг дауысы естілісімен мексикалық қарсыласын ауыр соққылардың астына алды. Жойқын соққылар Серхио Нахерді алғашқы сәттерден-ақ тәлтіректетіп,  жекпе-жекті жалғастыруына мүмкіндік бермеді. Төреші аяғынан тік тұра алмаған мексикалық боксшыны көріп, жұдырықтасуды 38 секундта аяқтады.

Айта кетейік, осыған дейін қазақстандық боксшы Бахтияр Эюбов та Детройтта (АҚШ) жергілікті боксшы Райан Хогансты 30 секундта ұтқан болатын. 

Ө. Сансызбай