Көкшетауда «Оқжетпестің» футбол орталығы ашылды

Көкшетауда «Оқжетпестің» футбол орталығы ашылды
Фото: kff.kz

Көкшетау қаласындағы «Оқжетпес» стадионында «Оқжетпес» футбол клубының балалар және жасөспірімдерге арналған орталығы салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсімі - Қазақстан футбол федерациясының 2012-2022 жылдарға арналған Қазақстанда балалар және жасөспірімдер футболын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында өтті.

Бұл шара Ақмола облысында балалар футболын дамыту мен өз түлектерін тәрбиелеуде нақты қадам болмақ. Футбол орталығына 9 жас категориясы бойынша 1997-2005 жылғы 200-ден астам бала қабылданған. Әр топқа жас футболшыларды дайындау бойынша арнайы әзірленген бағдарламамен жұмыс істеген білікті жаттықтырушылар жетекшілік етеді. Жұмыстың мақсаты - «Оқжетпес» командасына кәсіби ойыншылар тәрбиелеу және қала мен облыстың жасөспірімдерін футболға баулу.

Салтанатты шарада жас футболшылар мен көрермендер алдында Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының жетекшісі Надежда Патюткина, футбол орталығының техникалық директоры Юрий Панфилов, Көкшетау футболының ардагерлері Виктор Павленко, Николай Оберемко, «Оқжетпес» ФК директоры міндетін атқарушы Николай Панин сөз сөйледі. Олар Көкшетау қаласында футбол орталығының ашылуының маңыздылығын атап өтіп, жас футболшыларға жетістіктер тіледі.

Ө. Сансызбай