«Қайрат» Алматыда «Абердинді» ұтты (видео)

«Қайрат» Алматыда «Абердинді» ұтты (видео)
Фото: massaget.kz

Бүгін, яғни 30 шілде алматылық «Қайрат» футбол клубы Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчында шотландиялық «Абердин» клубын ұтты. 

Стадионға жиналған жанкүйерлерден үлкен қолдауға ие болған «Қайрат» футболшылары ойынды басынан белсенді болды. Кездесудің небәрі 14 минутында «Қайраттың» артқы жартылай қорғаушысы Михаил Бакаев қонақтардың айып алаңындағы ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып ойындағы есепті ашты. Гол соққаннан кейін алматылық клубтың шабуылдағы ойыны сәл бәсеңсіп қалған, алайда «Абердин» футболшылары өздеріне берілген мүмкіндікті пайдалана алмады. Бірінші кезең орта тұсына келгенде «Қайрат» ойыншылары қайтадан шабуылдарын үдете бастады. 30 минутта әріптесі Исаэль Барбозадан пас алған «Қайрат» капитаны Бауыржан Исламхан қақпаға 30 метр қашықтықтан әдемі гол соғып, стадионға жиналған жанкүйерлердің ықыласына ие болды. Одан кейін бірінші кезең қос команданың алма-кезек шабуылдарымен аяқталды. Дегенмен гол соғатын қауіпті мүмкіндіктер болмады.

Ойынның екінші кезеңі әдеттегідей алматылық клубтың белсенділігімен басталды. Бірақ қонақтарда қарап қалмады. Сырт алаңда гол соқпаса жағдайлары қиын болатынын сезген «Абердин» фуболшылары доп ұстау басымдығын арттырды. Таблодағы есепті өзгертуге ұмтылған «Қайрат» футболшылары уақыт санап «Абердин» қорғанысын мазалай білді. Қауіпті шабуыл ұйымдастыра білген Исламхан, Исаэль және Тимощук үштігінің екінші кезеңнің басында гол соғатын тамаша мүмкіндіктері болды. Бірақ «Қайрат» футболшыларына бірде «Абердин» қақпашысы кедергі жасаса, бірде сәттілік жетіспей жатты. Қонақтарда қарап қалмады қарымта шабуылда өте жылдам ойнай білген шотландиялық клуб кездесудің 68 минутында тыңнан қосылған Кенни Маклиннің көмегімен есепті қысқартып кетті. Қауіпті шабуылдарды жиі-жиі ұйымдастырған «Қайрат» ойын соңына дейін «Абердин» қақпасына қауіп төндіргенмен, есепті өзгерте алмады. Нәтижесінде ойындағы 2:1 есебі сақталып қалды. 

«Қайрат» (Алматы, Қазақстан) — «Абердин» (Абердин, Шотландия) 2:1 (2:0)

Голдар: Бакаев 13 (1:0), Исламхан 22 (2:0), Маклин 69 (2:1)

«Қайрат»: Плотников, Бруно Соарес, Гурман (Сержиньо 79), Маркович, Қуантаев, Бакаев, Исламхан, Исаэл, Тимощук, Лунин, Деспотович (Қонысбаев 68)

«Абердин»: Уорд, Логан, Шинни, Консидайн, Тейлор, Квинн, Хейз, Поулетт (Руни 46), Джек, Макгинн, Гудвилли (Маклин 64)

Бас төреші: Томаш Богнар (Венгрия)

30 шілде. Алматы. Орталық стадион.

Ойын статистикасы:

Допқа иелік ету: 49% — 51%

Қақпаға соққы: 17 — 9

Қақпаға дәл соққы: 5 — 4

Қақпа бағаны мен маңдайшасы: 1 — 0

Ереже бұзу: 12 — 7

Офсайдтар: 1 — 0

Бұрыштама добы: 5 — 4

Сары қағаз: 0 — 0

Ойыншы алмасу: 2 — 3. 

Ө. Сансызбай