«Қайрат» үздік сұрмергенімен келісімшартын ұзартты

«Қайрат» үздік сұрмергенімен келісімшартын ұзартты
Фото: massaget.kz

Футболдан Алматының «Қайрат» клубы ивуарлық легионері Жерар Гоумен арадағы келісімшартын ұзартты. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлап отыр.

Жерар Гоу Владимир Вайсс шәкірттерінің қатарын 2014 жылдың жазында толықтырған болатын. Қазіргі таңда ел премьер-лигасында 18 гол соғып, сұрмергендер тізімінде көш бастап тұр. Сондай-ақ Еуропа лигасының іріктеу кезеңі ойындарында да 3 гол соғып, бірнеше нәтижелі пастың авторы атанып үлгерді.

- Жерар 2017 жылдың желтоқсан айына дейін клубпен келісімшартын ұзартты, - деп хабарлады «Қайраттың» ресми сайты. Осыған дейін Исаэль де «Қайратпен» келісімшартын 2018 жылдың соңына дейін ұзартқан еді.

Айта кетейік, «Қайрат» бүгін Еуропа лигасының үшінші кезеңі аясында «Абердинмен» кездесу өткізеді. Алматының орталық стадионында өтетін ойынға жарақатына байланысты Жерар Гоу мен Сито Риера қатыса алмайды. Астана уақытымен сағат 20:45-те басталатын ойынды «KazSport» арнасынан тамашалай аласыздар.  

Ө. Сансызбай