Роналду жаңа бапкерімен шығыса алмай жүр

Роналду жаңа бапкерімен шығыса алмай жүр
Фото: football.fr

Мадридтік «Реалдың» көшбасшысы Криштиану Роналду клубтың жаңа бапкері Рафаэль Бенитеспен шығыса алмай жүр. Испан маманы шабуылшыны әлемдегі үздік ойыншылардың бірі ретінде бағаламайды екен. Бұл туралы испан басылымы sport.es хабарлап отыр.

Португалдық футболшы клубтың соңғы жаттығуын ақырына дейін аяқтамай кетіп қалған. Себебі Криштиану Роналдуға Рафаэль Бенитестің оқу-жаттығу кезінде ұстанған жүйесі мен жаттықтыру тәсілі ұнамайтын көрінеді. Ол бұл көзқарасын испан маманы бапкер болмай тұрып та сездірген еді.

Криштиану Роналду бұрынғы бапкер Карло Анчелоттидің қызметінен кетуіне қарсы болған ойыншылардың бірі. Клуб басшылығына бұл туралы ойын білдіргенмен, Флорентино Перес құлағына ілмеген еді. Нәтижесінде Роналду мен Рафаэль Бенитес арасында кикілжің туындап отыр. Егер футболшының көңіліндегідей болмаса, клубтан кететіні туралы да сыңай танытуда.

Айта кетейік, Криштиану Роналду мен «Реал» арасындағы келісімшарт мерзімі 2018 жылы аяқталады. Қазіргі таңда португалдық сұрмергенге Францияның «ПСЖ», Англияның «Манчестер Сити» сынды клубтары қызығушылық білдіруде. Өткен маусымда шабуылшы корольдік клуб сапында 52 ойынға қатысып, 61 гол соқты.  

Ө. Сансызбай