Бейбіт Ыстыбаев 2015 жылғы «Қазақстан барысының» жеңімпазы!

Бейбіт Ыстыбаев 2015 жылғы «Қазақстан барысының» жеңімпазы!
Фото: massaget.kz

Жамбыл облысының балуаны Бейбіт Ыстыбаев финалда қызылордалық Руслан Әбдіразақовты жеңіп, жеңімпаз атанды. Нәтижесінде 2012 жылғы жетістігін қайталады. Ал қола белбеу үшін өткен белдесуде астаналық Ғани Сейділдаев Жұманазар Ерсұлтановтан (ОҚО) басым түсті. 

Бейбіт Ыстыбаевқа «Қазақстан барысының» жеңімпазына берілетін "тайтұяқты" Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев табыстады. 

1/32 финал белдесулерінің нәтижелері:

Арман Махамбетов (Павлодар) – Бақтыбай Қисықов (Ақтөбе)

Бақтыбай белдесу соңында өз әдісіне түсіп, жеңісті уысынан шығарып алды.

Айбат Сейтен (Астана) – Ержан Шынкеев (Қарағанды) 

Қос балуан боз кілемде сылбыр өнер көрсетті. Аз ғана ескертуден алған ұпай айырмасымен Ержан келесі кезеңге өтті.

Рүстем Жұмаев (СҚО) – Александр Касачев (Алматы)

СҚО балуаны бабын байқата алмады. Алматыдан келген Александр қарсыласын таза әдіс арқылы жеңіп шықты.

Руслан Әбдіразақов (Қызылорда) – Нұрдәулет Жарылғапов (Маңғыстау)

Жарыстағы жас балуан бар күш-жігерін салғанмен, қызылордалық сақа балуанға шамасы жетпеді.

Мақсат Қиқымов (Алматы) – Табиғат Мағауияұлы (Атырау) 0-1

Екі жартылай жеңіспен Табиғат қарсыласынан мықты шықты.

Нұрлан Жамалов (Ақмола) – Асыл Барменов (Қарағанды)

Бұл белдесуде Асыл ұпай айырмасымен жеңіске жетті.

Олжас Сүлейменов (БҚО) – Жұманазар Ерсұлтанов (ОҚО)

Жарыстағы салмағы ең ауыр балуан (162 кг) Жұманазар қарсыласын таза әдіспен жеңіп шықты.

Әсет Жүнісов (Ақмола) -  Шыңғыс Шоқпытов (Ақтөбе)

Кездесу сылбыр басталғанмен, қос балуан уақыттың соңына дейін белдеспеді. Шыңғыс айқын жеңіске жетті. 

Арман Махамбетов (Павлодар) - Ерлан Мұсағалиев (БҚО)

Павлодарлық балуан соқыр жеребе нәтижесі бойынша, бірінші айналымда екінші рет белдесті. Екінші белдесуін де Арман жеңіспен аяқтады. Десе де Ерлан мен бапкері төрешілер шешімімен келіспей жарысты аяқтады. 

Төлеген Жетпісбаев (СҚО) – Талғат Әміренов (ШҚО)

Талғат қарсыласын ұпай айырмасымен жеңіп, 1/16 финалға жолдама алды.

Қазыбек Рамазанов (Алматы) – Ерлан Омаров (Қостанай)

Негізгі уақытта бірін-бірі жеңе алмаған балуандар қоян-қолтық белдесуде жеңімпазды анықтады. Ерлан соңғы сәтте қарсыласынан айласын асырып кетті.

Максим Гербер (Қостанай) – Бақыт Ысмағұлов (Алматы)

Қостанайлық балуан жеңіліп тұрып, қарсыласын таза әдіспен сан соқтырды. 

Ғани Сейділдаев (Астана) – Наурызбек Өтеуов (Атырау)

Өз жанкүйерлері алдында Ғани намысты қолдан бермеді. Атыраудан келген балуанды ұпай айырмасымен жеңіп шықты.

Нұрым Сәлімгереев (Қызылорда) – Мейрамбек Жаңабай (Маңғыстау)

«Сыр барысы» шашасына шаң жұқтырмады. Өткен жылғы «Қазақстан барысының» жас балуанының жауырын жер иіскетті.

Айбол Айтбек (Жамбыл) – Алан Тұрысов (Павлодар)

Алан қарсыласын айқын басымдықпен жеңді.

Бейбіт Ыстыбаев (Жамбыл) – Нұрсұлтан Мыңғышов (ОҚО)

Тәжірибелі Бейбіт қарсыласынан айласын асыра білді.

Мұхит Тұрсынов (ШҚО) – Айбек Нұғымаров (ШҚО)

Бірінші айналымның басты жекпе-жегі тартысты өтіп, жеңімпаз қоян-қолтық белдесуде анықталды. 2014 жылғы «Қазақстан барысы» жарысты жалғастыратын болады. 

Екінші айналым "МузАрт" тобының әнінен кейін басталды. Елімізге танымал топ екі ән орындады. 

1/16 финал нәтижелері:

Арман Махамбетов (Павлодар) – Ержан Шынкеев (Қарағанды)

Араға жыл салып оралған қарағандылық балуан алғашқылардың бірі болып ширек финалға жолдама алды. Ал екі айналымда үшінші жекпе-жегіне шыққан Арманның жолы болмады. 

Александр Касачев (Алматы облысы) – Руслан Әбдіразақов (Қызылорда)

Дзюдодан ел құрамасының мүшесі жеңісті қолдан бермеді. Александр өз әдісін соңына дейін жасай алмай, қарсыласының қармағына түсіп қалды.

Табиғат Мағауияұлы (Атырау) – Асыл Барменов (Қарағанды)

Асыл қарсыласын таза әдіспен жеңіп шықты.

Жұманазар Ерсұлтанов (ОҚО) - Шыңғыс Шоқпытов (Ақтөбе обл.)

Оңтүстік өңірінен келген балуан қарсыласынан ұпай айырмасымен басым тсүті.

Талғат Әміренов (ШҚО) – Ерлан Омаров (Қостанай)

Аса тартысты өткен белдесуде Қостанай өңірінен келген балуан ширек финалға жолдама алды.

Максим Гербер (Қостанай) – Ғани Сейділдев (Астана қ)

«Сарыарқа» велотрегінде Ғани жанкүйерлерін жерге қаратпады.

Нұрым Сәлімгереев (Қызылорда) – Айбол Айтбек (Жамбыл)

«Сыр барысы» Жамбыл облысының балуанын жарыс жолынан шығарды.

Мұхит Тұрсынов (ШҚО) – Бейбіт Ыстыбаев (Жамбыл)

2014 жылғы «Қазақстан барысы» 2012 жылғы жарыс жеңімпазына есе жіберді. Нәтижесінде Бейбіт Мұхиттан өткен жылы кеткен есесін қайтарды.

Ширек финал белдесулерінің нәтижелері:

Руслан Әбдіразақов (Қызылорда) – Ержан Шынкеев (Қарағанды)

Нағыз текетіреске толы болған белдесуде Сыр өңірі балуанының мысы басым болды. Нәтижесінде бірінші болып жартылай финалға жолдама алды. 

Жұманазар Ерсұлтанов (ОҚО) – Асыл Барменов (Қарағанды)

Жартылай финал үшін өткен боз кілемдегі белдесуде «Жақсығұл» таза жеңіске жетті. Асыл барын салғанмен салмағы 160 келіні тартатын балуанға шамасы жетпеді. 

Ерлан Омаров (Қостанай ) – Ғани Сейділдаев (Астана қ)

Қос балуан арасындағы белдесу текетіреске толы болды. Негізгі уақытта тең түскен балуандар қоян-қолтық белдесуде жеңімпазды анықтады. Қарымы мен айласы асқан Ғани жартылай финалға шықты.

Бейбіт Ыстыбаев (Жамбыл) – Нұрым Сәлімгереев (Қызылорда)

Қоян-қолтық белдесуде Бейбіт жеңіске жетті. 

Жартылай финалда Руслан Әбдіразақов (Қызылорда) Жұманазар Ерсұлтановпен (ОҚО), Бейбіт Ыстыбаев (Жамбыл) Ғани Сейділдаевпен (Астана қ) белдесетін болады. 

Қызылордалық Руслан Әбдіразақов жартылай финалда Оңтүстік Қазақстан облысының балуаны Жұманазар Ерсұлтановты жеңіп, Жамбыл облысының балуаны Бейбіт Ыстыбаев Ғани Сейділдаевтан басым түсті. 

Жамбыл облысының балуаны Бейбіт Ыстыбаев финалда қызылордалық Руслан Әбдіразақовты жеңіп, жеңімпаз атанды. Нәтижесінде 2012 жылғы жетістігін қайталады. Ал қола белбеу үшін өткен белдесуде астаналық Ғани Сейділдаев Жұманазар Ерсұлтановтан (ОҚО) басым түсті. 

Бейбіт Ыстыбаевқа «Қазақстан барысының» жеңімпазына берілетін "тайтұяқты" Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев табыстады. 

Айта кетейік, биыл «Қазақстан барысы» бесінші рет ұйымдастырылып, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы ассамблеясы 20 жылдығы мен Конституцияның 20 жылдығына арналып отыр.

Ө. Сансызбай