«Қайрат» сырт алаңда «Црвена Звезданы» ұтты (видео)

«Қайрат» сырт алаңда «Црвена Звезданы» ұтты (видео)
Фото: vk.com

Футболдан Алматының «Қайрат» клубы Еуропа лигасының іріктеу кезеңін сәтті бастады. Белградта жергілікті «Црвена Звезданы» екі доп басымдығымен жеңді.

Қос клуб арасындағы ойын күтілмеген нәтижемен басталды. Кездесудің 3 минутында алаң иелерінің қорғаушысы Саво Павичевич Жерар Гоуға қарсы өрескел ереже бұзып, алаңнан қуылды. Бірінші тайм соңына дейін Владимир Вайсс шәкірттері бірнеше рет гол соғуға мүмкіндік тудырғанмен, есепті аша алмады. Десе де 45 минуттағы «Қайраттың» шабуылы өз нәтижесін сыйлап, Жерар Гоудың қайшылай тепкен добы қақпа төрінен табылды.

Екінші таймда да «Қайрат» ойыншылары кездесудегі басымдығын пайдалана білді. 57 минутта Бауыржан Исламханның есепті еселеуге мүмкіндігі болды. Бірақ, пайдалана алмады. Десе де араға 8 минут сала «Қайраттың» жүйелі шабуылы өз нәтижесін берді. Бұл жолы Ермек Қуантаев гол авторы атанды. Ойын соңына дейін алматылық клуб ойыншыларының тағы бірнеше гол соғуға мүмкіндігі болған. Исаэль мен Қуантаев бар мүмкіндіктерін пайдалана алған жоқ.

«Қайрат» пен «Црвена Звезда» арасындағы қарымта ойын 9 шілде күні Алматыда өтеді.

«Црвена Звезда» (Белград, Сербия) — «Қайрат» (Алматы, Қазақстан) 0:2 (0:1) 
Голдар: Гоу 45 (0:1), Қуантаев 64 (0:2)
Ескерту: Катаи 62 — Маркович 37, Гоу 87
Алаңнан қуылды: Павичевич 3
«Црвена Звезда»: Райкович, Цветкович (Йович 60), Павичевич, Анджелкович, Рендулич, Веред, Паркер, Катаи (Ристич 77), Савичевич, Ковачевич (Йованович 5), Орландич
«Қайрат»: Плотников, Соарес, Гурман, Маркович, Қуантаев, Қуат (Көкеев 85), Исламхан (Сержиньо 62), Исаэл, Гоу, Риера, Лунин
Бас төреші: Бартош Франковски (Польша)
2 шілде. Белград. «Црвена Звезда».

Кездесу статистикасы:

Қақпаға соққы: 10 — 17
Қақпаға дәл соққы: 4 — 8
Ереже бұзу: 9 — 15
Офсайдтар: 2 — 3
Бұрыштама: 2 — 5
Сары қағаз: 1 — 2
Алаңнан қуылды: 1 — 0
Ойыншы алмасу: 3 — 3.  

О. Сансызбай