«Реалға» жаңа бапкер келді

«Реалға» жаңа бапкер келді
Фото: eurosport.ru, vk.com

Футболдан мадридтік «Реалды» жаңа маусымнан бастап Рафаэль Бенитес жаттықтыратын болды. Испан басылымы «AS» таратқан ақпарат бойынша, клуб басшылығы бас бапкерді ертең ресми түрде таныстырады.

«Корольдік клуб» пен Рафаэль Бенитес үшжылдық келісімшартқа қол қойған. Испандық маман жылына 4 миллион евро жалақы алатын болады. Осыған дейін мәлім болғандай, Рафаэль Бенитес «Реалда» өзінің көмекшілерімен бірге жұмыс жасайтынын ескерткен болатын. Әзірге бапкердің бұл ұсынысы туралы клуб басшылығы мәлімдеме жасаған жоқ.

Рафаэль Бенитес бапкерлік мансабын дәл осы «Реалда» бастаған. Алдымен клубтың жастар құрамасы жаттықтырып, 1989-1994 жылдар аралығында бас бапкердің көмекшісі қызметін атқарған. Одан кейінгі аралықта «Вальядолид», «Осасуна», «Эстремадура», «Тенерифе», «Валенсия», «Ливерпуль», «Интер», «Челси» және «Наполи» клубтарын жаттықтырды.

Бапкерлік мансабында «Валенсиямен» екі рет Испания чемпионаты мен бір рет УЕФА кубогын жеңіп алған. Ағылшындық «Ливерпульді» жаттықытырып жүргенде бапкер ірі жетістіктерді бағындыра білді. Англия чемпионы атанып қана қоймай, Англия кубогы, Суперкубогы және Чемпиондар лигасы мен Европа Суперкубогын иеленді. Миландық «Интерді» жаттықтырып жүргенде Италия Суперкубогы мен клубтар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды. Ал лондондық «Челсимен» Еуропа лигасында жеңімпаз атанды. 2013 жылдан бері Неапольдың «Наполи» клубын жаттықтырған Рафаэль Бенитес Италия кубогын ғана иеленді.

Бапкерлік мансабын бастаған клубына қайта оралған бапкер жаңа жоспарларымен бөлісіп те үлгеріпті. Испан ақпарат құралдарының хабарлауы бойынша, Рафаэль Бенитес алдағы маусымда «корольдік клуб» сапына Серхио Агуэро, Марко Вератти және қақпашы Давид де Хеаны қосуды жоспарлап отыр екен. 

Айта кетейік, осыған дейін мадридтік клубты италиялық маман Карло Анчелотти жаттықтырып келген болатын. Осы маусымда клуб ешбір жүлдеге қол жеткізе алмаған соң, қызметінен босатылған-ды.

Ө. Сансызбай