«Ертісті» болгар елінен келген бапкер жаттықтыратын болды

«Ертісті» болгар елінен келген бапкер жаттықтыратын болды
Фото: zimbio.com

Футболдан Павлодардың «Ертіс» футбол клубын Болгария елінің бапкері Димитр Димитров жаттықтыратын болды. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлап отыр.

Қазақстандық клуб жаңа бапкерімен маусым соңына дейін келісімшартқа қол қойды. Егер команданың ойыны түзеліп, турнир кестесіндегі көрсеткіші жоғарылар болса Димитр Димитровтың қызметін жалғастыра беруі де мүмкін. Бас бапкерге отандасы Петер Колев көмектеседі.

Болгариялық маман осыған дейін «Литекс», «Черноморец», «Локомотив» (Пловдив), «Левски» (Болгария), «Амкар» (Ресей), «Әл-Насыр» және «Әл-Кадисия» (Сауд Арабиясы) сынды футбол клубтарын жаттықтырған. Болгария ұлттық құрамасының да тізгінін ұстаған.

Айта кетейік, осыған дейін «Ертісті» ресейлік маман Дмитрий Черышев жаттықтырып келген еді. Клуб ХІV турдың қорытындысы бойынша 12 ұпай ғана жинағаннан кейін бас бапкер қызметінен кеткен-ді. 

Ө. Сансызбай