Бейбіт Шүменов WBA уақытша чемпиондық белбеуіне таласады

Бейбіт Шүменов WBA уақытша чемпиондық белбеуіне таласады
Фото: vk.com

Кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов 20 маусым күні шаршы алаңдағы кезекті кездесуін өткізеді. Лас-Вегастағы әйгілі «MGM Grand» аренасында отандасымыз америкалық БиДжей Флореспен WBA уақытша чемпиондық белбеуі үшін жұдырықтасады.

Бейбіт Шүменов 2014 жылдың сәуір айында Бернард Хопкинстен жеңілгеннен кейін бірінші ауыр салмаққа ауысқан еді. Дайындығын шыңдаған боксшы желтоқсан айында америкалық Бобби Томаспен (кішісі) кездесу өткізіп, жеңіске жеткен-ді. Қазіргі таңда отандасымыз өз салмағында бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (WBA) рейтингінде бірінші орында тұр.

31 жастағы қазақстандық боксшы кәсіпқой бокстағы мансабында 15 жекпе-жек өткізіп, оның 13-інде жеңіске жеткен. 10 кездесуін нокаутпен аяқтаса, 2 жекпе-жегінде жеңіліс тапқан. Ал БиДжей Флорес те осал қарсылас емес. Кәсіби бокста 31 кездесу өткізген. 1 жекпе-жегінде ғана қарсыласына есе жіберген. 1 кездесуін тең аяқтаған. 20 кездесуінде қарсыласын кездесу соңына дейін шыдатпаған. Қазіргі таңда 36 жастағы америкалық боксшы WBA уақытша чемпиондық белбеуінің иегері. Бейбітке қарсы кездесуде өз атағын қорғайтын болады.

Бейбіт Шүменов пен БиДжей Флорес арасындағы кездесу Шон Портер мен Эдриен Бронер арасындағы басты жекпе-жектің андеркартында өтеді. Жеңіске жеткен боксшы ресейлік Денис Лебедевпен WBA белбеуі үшін жұдырықтасуға мүмкіндік алады.

Лас-Вегастағы әйгілі «MGM Grand» аренасында өтетін жекпе-жекті «NBC» және «NBC Sports Network» арналары тікелей эфирде таратады.

Ө. Сансызбай