"Арландар" ресейлік команданы тас-талқан етті

"Арландар" ресейлік команданы тас-талқан етті
Фото: sports.kz

Дүниежүзілік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғап жатқан «Astana Arlans» клубы жартылай финалда ресейлік «Russian Boxing Team» клубымен кездесіп, 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Жартылай финалдық кездесудің алғашқы күні ел құрамасы үшін сәтті аяқталды. Бірінші боп шаршы алаңға шыққан Теміртас Жүсіпов (49 келі) ресейлік Вадим Кудряковты 3:0 (50:45, 50:45, 50:45) есебімен жеңді. Екінші кездесуде Қайрат Ералиев (56 келі) Андраник Григорянды айқын басымдылықпен ұтты. 64 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Самат Башенов ресейлік Авак Узлянды 3:0 есебімен жеңіп, командаға жеңіс сыйлады. 75 келіде ресейлік Сухроб Сидиковқа қарсы шыққан отандасымыз Мейірім Нұрсұлтанов жеңісті жолды жалғастырды. Соңғы кездесуде Василий Левит (91 келі) Виталий Кудуховпен жолықты. Ресейлік боксшы кездесу барысында қайта-қайта ереже бұза бергендіктен, төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Осылайша қазақстандық боксшылар алғашқы кездесуде айқын басымдылықпен жеңіске жетті.

"Астана Арланс" боксшылары ресейлік командамен ертең, 24 мамыр күні екінші кездесуге шығады. Егер ел құрамасы ол кездесуде басымдылық танытса, финалға жолдама алады. 2015 жылғы WSB жобасының екінші жартылай финалында «Cuba Domadores» – «Mexico Guerreros» клубтары кездесіп, кубалық команда жеңіске жетті.

Н. Айдархан