«Реалды» жеңілістен Роналду рекорды да құтқармады (видео)

«Реалды» жеңілістен Роналду рекорды да құтқармады (видео)
Фото: vk.com

Футболдан Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы бірінші ойында мадридтік «Реал» сырт алаңда туриндік «Ювентусқа» есе жіберді. Өткен маусымда жеңіс тұғырынан көрінген «корольдік клубқа» өз атағын қорғау оңай соғып жатқан жоқ.

Карло Анчелотти шәкірттері италиялық ұжымға қарсы ойында аздап фаворит саналған болатын. Бірақ, алаң иелері өз алаңындағы жеңістің маңызды екенін бірінші минуттардан-ақ байқатты. Кездесудің 8 минутында бұрынғы «Реал» шабуылшысы Альваро Мората есеп ашты. Одан кейінгі сәтте Карлос Тевестің есепті еселеуіне мүмкіндігі болған. Бірақ, пайдалана алмады. 28 минутта «Ювентустың» орталық қорғаушыларының қателігі Криштиану Роналдудың гол соғуына жағдай жасады. Хамес Родригестің нәтижелі пасын сәтті пайдалана білген португалдық ойыншы Чемпиондар лигасындағы 76-шы голын соқты. Нәтижесінде Лионель Мессиден 1 голға озып, үздік сұрмергендер көшін бастады. Бірақ, Роналдудың бұл рекорды «Реалды» жеңілістен құтқарып қала алмады. 57 минутта Карлос Тевеске қарсы ойын ережесін бұзған Даниэль Карвахаль алаң иелерінің пенальти тебуіне мүмкіндік сыйлады. Нәтижесінде ойындағы жеңіс голын аргентиналық шабуылшы сәтті орындап шықты.

Бірінші ойында «корольдік клуб» ойыншыларының ұстанған жүйесі жүзеге аспады. Сонымен қатар, Карим Бензема мен Лука Модричтің негізгі құрамдағы орны анық байқалды. Ал «Ювентустан» Поль Погбаның алаңға шықпауы – туриндік клубтың жанкүйерлері үшін өкінішті болғаны сөзсіз.

Айта кетейік, «Ювентус» пен «Реал» арасындағы қарымта кездесу 13 мамыр күні «Сантьяго Бернабеуде» өтетін болады. 

Ө. Сансызбай