Чемпиондар лигасы. «Ювентус» «Реалды» жеңе ала ма?

О Сансызбай Корреспондент
Чемпиондар лигасы. «Ювентус» «Реалды» жеңе ала ма?
Фото ©️ vg.no. vk.com

Бүгін футболдан Еуропаның басты бәсекелерінің бірі – Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы бірінші ойын өтеді. Туриндік «Ювентус» өз алаңында мадридтік «Реалды» қабылдайтын болады. Назарларыңызға ойын алдындағы шолуымызды ұсынамыз.

БӨЛІСУ

Массимилиано Аллегри жаттықтыратын туриндік клуб Чемпиондар лигасының жартылай финалына соңғы рет 2003 жылы шыққан. Ол кезде де «Реалмен» жолы түйіскен еді. Қос ойын қорытындысы бойынша 4:3 есебімен туриндік клуб жеңіске жеткен-ді. Ал финалда сол Карло Анчелотти жаттықтыратын «Миланға» есе жіберген болатын. Одан кейінгі уақытта «Ювентустың» жоғары нәтиже көрсетуіне қауқары жетпеді. Бұл маусымда да италиялық ұжым ғайыптан тайып жартылай финалға жеткен клубтардың бірі. Олай дейтініміз, клуб топтық кезеңде ортаңқол ұжымдармен бақ сынаса, плей-офф кезеңінде де аса деңгейі жоғары клубтармен кездесе қойған жоқ. Яғни, бір сөзбен айтқанда «Ювентустың» бабында жүрген ұжыммен жолдары түйіскен жоқ. Ал мадридтік «Реал» ше?

Чемпиондар лигасын қатарынан екі жыл еш клуб жеңе алмаған. Ал биыл «корольдік клубтың» бұл рекордты орнатуға мүмкіндіктері бар. Плей-офф кезеңінде гельзенкирхендік «Шальке» мен мадридтік «Атлетиконы» жарыс жолынан шығарған Карло Анчелотти шәкірттері де бабында деп айтуға келмейді. Екі клубтың да финалға өту мүмкіндігі деңгейлес. Ол үшін туриндік клубқа өз алаңында жеңілмеу керек.

«Ювентус» пен «Реал» өзара 16 кездесу өткізген. Оның 7-еуінде туриндік клуб жеңсе, 8 кездесуде мадридтік ұжымның мысы басым болған. Ал Туриндегі ойында «корольдік клуб» бір-ақ рет жеңген. Оның өзі 1962 жылы орын алған.

Командалардың алаңғы шығуы мүмкін құрамы:

«Ювентус»: Буффон; Лихштайнер, Бонуччи, Кьеллини, Эвра; Маркизио, Пирло, Видаль; Перейра; Мората, Тевес.

- Алаңға шыға алмайды: Асамоа, Касерес, Марроне, Погба, Ромуло

«Реал: Касильяс; Карвахаль, Пепе, Варан, Марсело; Хамес Родригес, Кроос, Рамос, Иско; Бейл, Роналду.

- Алаңға шыға алмайды: Модрич, Бензема

Бүгінгі ойынға нақты бір болжам айту қиын. Десе де «Ювентустың» өз алаңында бір айтары барын ұмытпаған абзал. Тең есеп тіркелуі де ғажап емес. Букмекерлік орталықтар «Ювентус» жеңісіне – 2,7 коэффициент, тең ойынға – 3,18 коэффициент, «Реал» жеңісіне – 2,89 коэффициент беріп отыр. Ойын Астана уақытымен сағат түнгі 00:45-те басталады.

Кездесуге ағылшын төрешісі Мартин Аткинсон қазылық жасайтын болады. Роберто Перейра, Джорджо Кьеллини, Карлос Тевес, Артуро Видаль, Альваро Мората, Стефан Лихтштайнер, Пепе, Тони Кроос, Фабиу Коэнтрау және Серхио Рамос ойында сары қағаз алар болса қарымта кездесуге қатыспайтын болады. Ойынды «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар.

Әрине, бүгін түндегі кездесу нағыз тартысқа толы болмақ. Спорт, әсіресе футболда күтпеген нәтижелер көптеп кездеседі. Ал сіздер бұл ойындар туралы қандай ой қосасыздар? Айта отырыңыздар!