Геннадий Головкин әлемдегі үздік үш боксшының қатарына енді

Геннадий Головкин әлемдегі үздік үш боксшының қатарына енді
Фото: vk.com

WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары бойынша бокстан орта салмақтағы әлем чемпионы отандасымыз Геннадий Головкин салмақ санатына қарамастан әлемнің үздік боксшыларының үштігіне енді.

Америкалық Флойд Мейвезер мен филиппиндік Мэнни Пакьяо жекпе-жегінен кейін boxrec.com нұсқасының P4P тәуелсіз рейтингі жаңарды. Әлемге қазақ елінің атын танытып жүрген Геннадий Головкин жаңарған рейтингте үздік үштікке енді. Ал «ғасыр жекпе-жегінде» жеңіліс тапқан Мэнни Пакьяо үшінші орыннан жетінші сатыға бір-ақ сырғыды.

Boxrec.com нұсқасының P4P тәуелсіз рейтингінде америкалық Флойд Мейвезер көш бастап келеді. Оның еншісінде 2059 ұпай болса, екінші орындағы Владимир Кличкода 1280 ұпай бар. Ал үштікті қорытындылап тұрған Геннадий Головкин еншісінде 1085 ұпай бар. Төртінші орында тұрған Сауль Альварес отандасымыздан 32 ұпайға ғана қалып келеді.

Осыған дейін Мэнни Пакьяоны жаттықтырып жүрген Фредди Роуч Геннадий Головкинді салмақ санатына қарамастан әлемнің үздік боксшысы болып қала береді деген еді. Оның айтуынша, қазақстандық боксшы Андре Уордпен бірге Флойд Мейвезерден жоғары тұруы тиіс.

Айта кетейік, қазақстандық боксшы 16 мамыр күні мансабындағы 33-ші жекпе-жегін өткізеді. Геннадий Головкин мен Вилли Монро арасындағы жекпе-жек АҚШ-тың Калифорния штатына қарасты Инглвуд қаласында орналасқан «The Forum» аренасында өтеді.

Ұқсас жазбалар:

Вилли Монро: «Головкин қорғануды білмейді»

Ұйымдастырушылар Головкин - Монро жекпе-жегіне 5 мың билет сатып үлгерді

Ө. Сансызбай