Қазақстандық шахматшы қыздар әлем чемпионатын алтыншы орынмен аяқтады

Қазақстандық шахматшы қыздар әлем чемпионатын алтыншы орынмен аяқтады

Шахматтан Қытайдың Чэнгду қаласында қыз-келіншектер арасындағы командалық әлем чемпионаты мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы 9 ұпай жинап, жалпыкомандалық есепте алтыншы орынға тұрақтады.

Шахматтан Қытайдағы командалық әлем чемпионатына әлемнің 10 үздік құрамасы қатысты. Екі жыл сайын ұйымдастырылып тұратын дода 2013 жылы Астанада өткен болатын. Жарыста Украина елінің шахматшы қыздары жеңіске жетсе, Қазақстан құрамасы жетінші орыннан көрінген-ді. Биыл отандастарымыз бұл көрсеткішін бір саты болса да жоғарылатып отыр.

Чэнгдудағы әлем чемпионатында еліміздің намысын Жансая Әбдімәлік, Гүлісхан Нахбаева, Гүлмира Дәулетбаева, Динара Сәдуақасова және Мадина Дәулетова қорғады. Бірінші ойында отандастарымыз Үнді елінің шахматшыларынан басым түссе, кейіннен Украина мен Грузия еліне есе жіберіп алды. Ал АҚШ, Ресей, Қытай, Армения және Польша құрамаларымен 2:2 есебімен тең ойнады. Ал жарыста ешбір ұпай жинай алмаған Египеттен 3,5:0,5 есебімен басым түсті.

Қазақстандық шахматшылардың жекелей өнеріне баға берер болсақ, бірінші тақтада өнер көрсеткен Жансая Әбдімәлік жоғарғы деңгейде шеберлігін таныта алмады. Себебі, бұл тақтада әлемнің кіл мықты шахматшылары өнер көрсетті. Бірінші тақта шахматшылары арасында 8 ойыннан бар болғаны 1,5 ұпай ғана жинап, тоғызыншы орыннан көрінді. Бұл тақтада грузин елінің шахматшысы Бела Хотенашвили үздік шықты. Екінші тақтада өнер көрсеткен Динара Сәдуақасова 8 ойыннан 4,5 ұпай жинап, бесінші орынға тұрақтады. Бұл тақтада 6,5 ұпай жинаған армян Лилит Мкртчян үздік шықты. Үшінші тақтада өнер көрсеткен қазақстандық Гүлісхан Нахбаева 8 ойыннан 5 ұпай жинап төртінші орынды иеленді. Бұл тақтада 7 ойыннан 6 ұпай жинаған Мери Арабидзе (Грузия) жоғарғы нәтижеге қол жеткізді. Төртінші тақтада Гүлмира Дәулетова 8 ойыннан 5 ұпай жинап бесінші орыннан көрінді.

Чэнгдудағы әлем чемпионатында 17 ұпаймен Грузия елінің шахматшы арулары жеңімпаз атанды. 15 ұпаймен екінші орыннан ресейлік шахматшы қыздар көрінсе, үштікті 11 ұпаймен Қытай құрамасы қорытындылады. Ал 9 ұпай жинаған отандастарымыз да төменгі нәтиже көрсеткен жоқ. Алтыншы орынды иеленді.

Командалық әлем чемпионатының қорытынды кестесі:

1. Грузия - 17 ұпай

2. Ресей - 15 

3. Қытай – 11

4. Үндістан - 10 

5. Украина - 10

6. Қазақстан- 9

7. Армения - 7

8. Польша - 6

9. АҚШ - 5

10. Египет - 0

Айта кетейік, ерлер арасындағы командалық әлем чемпионаты да бүгін Арменияның Цахкадзор қаласында мәресіне жетті. Бірінші орынды - Қытай құрамасы алса, екінші орыннан Украина елінің шахматшылары көрінді. Үшінші орын - Армения елінің шахматшыларына бұйырды. 

Сурет: chengdu2015.fide.com

Ө. Сансызбай