Қазақстан хоккейшілері әлем чемпионатының жоғары дивизионына жолдама алды

Қазақстан хоккейшілері әлем чемпионатының жоғары дивизионына жолдама алды

Хоккейден Польшаның Краков қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы сәтті өнер көрсетіп, келер жылы жоғарғы дивизионда өнер көрсету жолдамасына ие болды. Отандастарымыз бұл жолдаманы бір тур бұрын жеңіп алды.

Андрей Назаров жаттықтыратын қазақстандық хоккейшілер түнде мұз айдын иелерін 3:2 есебімен жеңіп, бәсекелестерінің бәрінен қара үзді. Енді, соңғы турда Қазақстан құрамасын ұпай көрсеткішімен ешбір құрама басып оза алмайды. Екінші жолдамаға Польша мен Венгрия құрамалары таласады.

Ертең өтетін Қазақстан мен Италия арасындағы ойын аса жоғары маңызға ие емес. Қандай нәтиже тіркелсе де, Қазақстан құрамасы 2016 жылы жоғарғы дивизионда өнер көрсетеді. Яғни, жоғарғы дивизионда әлемнің кіл мықты құрамалары бақ сынайды. 2009 жылдан бері Қазақстан құрамасы І дивизион мен жоғарғы дивизион арасында алма-кезек өнер көрсетіп келеді. Әлемнің үздік құрамалары бақ сынайтын топта тұрақтап қала алмай келеді. Биыл жоғарғы дивизион құрамаларының ойыны 1-17 мамыр аралығында Чехия астанасы Прага мен Острава қаласында өтеді.

Қазақстан құрамасы жолдама алған жоғарғы дивизионның 2016 жылғы ойындары Ресейде өтеді. 

Сурет: yvision.kz

Ө. Сансызбай