Кирилл Павловқа әлем чемпионатының қола жүлдесі кешігіп бұйырды

Кирилл Павловқа әлем чемпионатының қола жүлдесі кешігіп бұйырды

2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында төртінші орын алған отандасымыз Кирилл Павловқа дүбірлі доданың қола жүлдесі бұйырды. Себебі, алтын медальды жеңіп алған албан елінің спортшысы Даниел Годеллидің допинг қабылдағаны анықталды. Бұл туралы Қазақстан ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметі ресми түрде хабарлады. 

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы осыған дейін де әлем чемпионатына қатысқан спортшылардың «А» сынамасы қорытындысы бойынша, Албанияның үш зілтеміршісі допинг қолданғаны туралы хабарлаған болатын. Егер «Б» сынамасында да бұл спортшылардың допинг қолданғандары анықталар болса, жүлделерінен айырылып, спорттан уақытша шеттелетіні айтылған-ды. Нәтижесінде бүгін белгілі болғандай, албан елінің спортшылары допинг қолданғаны анықталды.

Енді Даниел Годелли мен Ромела Бегай спорттан екі жылға, ал Хусейн Пулаку сегіз жылға (спорттық мансабында екінші рет допинг қолданған) шеттетілді. Албания тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанған Даниел Годеллиден өзге екі спортшы жүлделі орыннан көрінген жоқ болатын. Тек Ромела Бегай ғана жұлқа көтеру жаттығуында кіші алтынды иеленген. Бұл жүлде де кері қайтарылып, қазақстандық спортшы Карина Горичеваға табысталады.

Спортшыларға рұқсат етілмеген дәрумен қолданғаны үшін Даниел Годеллидің жүлдесі кері қайтарылды. Нәтижесінде 77 келіге дейінгі алтын жүлде қытайлық Чжон Гошуньге, күміс корей жігіті Ким Кван Сонға, ал қола қазақстандық Кирилл Павловқа бұйырды. Сонымен қатар, отандасымыз серпе көтеруде кіші қоланы иеленді.

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы жариялаған допинг қолданушылар тізіміне әйелдер арасында 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен солтүстік кореялық Ким Ун Джу да енген. Оның да алтын жүлдесі кері қайтарылды. Сонымен қатар, өзбек елінің намысын қорғаған Манзурахон Мамасалиева, Марина Сысоева және Махлие Тогоевалар да допинг қолданыпты.

Әлем біріншілігіндегі 77 келіге дейінгі зілтеміршілердің жаңа нәтижелері:

Даниел Годелли (Албания) - 369 (171+198)

1. Чжон Гошунь (Қытай) - 367 (171+196)

2. Ким Кван Сон (Солтүстік Корея) - 363 (163+200)

3. Кирилл Павлов (Қазақстан) - 352 (157+195).

Сурет: wfrk

Ө. Сансызбай